Атырауда бомба туралы хабарлаған жасөспірім анықталды
Атырауда мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабар берген 16 жасар жасөспірім анықталды.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті.
«5 наурызда мектептердің бірінің электронды поштасына сағат 08:52 шамасында белгісіз адамнан хат түсті. Хатта мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жазылған. Бұл туралы мектеп басшылығы жедел басқару орталығына хабарлады. Полиция қызметкерлері мектепте жедел тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш зат табылмады.
Жалған хабар жіберген 16 жастағы жасөспірім екені анықталды. Оның айтуынша, сенбі күні үйінде отырып, қалжың үшін жарылғыш зат қойылғаны туралы жазған. Қазір жасөспірім анасымен бірге полицияға жеткізіліп, тергеуге алынды. Аталған дерекке қатысты іс құжаттары ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сотқа жолданды» делінген хабарламада.