Атырауда биыл автокөлік жолдарының 1484,2 шақырымына тас жол төселді
Бұл туралы Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі жалпы автокөлік жолдарының ұзындығы – 1634,9 шақырымды құрайды. Осы жылдың қорытындысымен, оның 1484,2 шақырымына тас жол төселген.
-Биыл қала кептелісін алдын алу мақсатында жол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде республикалық бюджеттен 10,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Осы қаржыға 9,1 шақырым құрайтын 5 көшенің, яғни Әуезов, Балықшы ы/а мен Зарослый ы/а аралықтары, Атырау-Индер жолының 2,16 шақырымы, Сырым Датов, Азаттық көшелерінің тас жолдары қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ жоспарланған 135,8 шақырымды құрайтын 231 көшенің 27,2 шақырым құрайтын 68 көшесіне, яғни Зарослый-1, Еркінқала-Ракуш-Балауса ықшам ауданы, Бірлік-2, Томарлы, Қайыршақты ауылдық округіндегі көшелер мен Атырау қаласындагы 76 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Еркінқала-2 және Алмалы ауылдарының тұрғындарының қозғалысына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында 22 шақырымды құрайтын 29 көшенің тас жолдарының негізгі қабаттары төселді,- деді М.Қалауи.
Оның айтуынша, биыл қаланың басты көшелеріне және қалаға қарасты елді мекендердегі автокөлік жолдарында пайда болған ойық тесіктерді қайта қалыпқа келтіру мақсатында 25000 шаршы метрді құрайтын 49 көшеге ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталған. Сонымен қатар осы жылдың екінші жарты жылдығында 40000 шаршы метрге құрылыс монтаждау жұмыстары басталып, 13666 м2 болатын 25 көшеге жөндеу жүргізіліп отыр. Қалған жұмыстар 2023 жылы жалғаспақ.
Брифинг барысында М.Қалауи «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, Дамбы, Кеңөзек, Атырау ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 44,42 шақырымды құрайтын 44 көшеге жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізілуде екенін жеткізді. Ал жергілікті бюджет есебінен Геолог, Ақсай, Ақжар, Еркінқала, Қайыршақты, Жұмыскер елді мекендерінде 90,7 шақырымды құрайтын 73 көшеге жаяу жүргіншілер жолы төселуде.