Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРДЕЛЕУ: «Мишка» мен «Машка»

Аtr.kz/22 маусым, 2020 жыл. Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына биыл тура 75 жыл толып отыр. Бірақ, батырлық пен батылдықтың үлгісін паш еткен ерлер есімі ел есінен өшпек емес. Ал, жау жағадан, бөрі етектен алған сын сәтте сол ерлермен бірге жауға қасқайып қарсы тұрған төрт аяқты жануар – түйелер туралы естідіңіз бе?

Иә, солай, сұм соғысқа адамдармен бірге барған жануарлар да жеңіске үлес қосты. Тіпті, керек десеңіз, оларға тастан емес, қоладан ескерткіш те қойылды. Біз бұл туралы белгілі өлкетанушы, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Өтепберген Әлімгереевтен білдік.

– Сонау бір жылдары теледидардан «Босату. Берлин үшін шайқас» деген фильмді қарап отырдық. Бір сәт зеңбірек сүйреп келе жатқан екі түйені көрген кино кейіпкерінің бірі «Мынау қайдағы түйелер?» деп таңданады. Екіншісі «Басқұншақтан ғой» деп жай ғана жауап береді. Сонда сұрапыл соғысқа да сахараның сұлу кемелері қатысқан ба?

Осылайша, «Сол Ресейдегі Басқұншақта аталған ауылдан (қазірде қала) Берлинге дейін жеңіс жүгін сүйреп барған Мишка, Машка есімді екі түйеге ескерткіш қойылады екен» деген жаяу хабар бізге де жетті. Міне, ғажап, «Қазақтың қос өркешті жануарына да мынадай құрмет көрсетіледі екен ғой» деген риясыз риза көңіл кәдімгідей кеудемізді кернеді, – дейді ол.

Расымен де, ғажап емес пе? Демек, арада 75 жыл өтсе де, бізге Ұлы Жеңістің қалай жеткені жөнінде әлі де ашылмаған ақиқат сыр көп деген сөз ғой. Ал, Өтепберген ағаның әңгімесі одан әрі қыза түсті. Сонымен, әлгі түйелер Жеңісті қалай жақындата алды? Батырдың бәрі бірігіп жеңген жауға төрт түліктің бірі қалай төтеп берді? Бізді, әрине, осы жағы қызықтырады ғой. Сөйтсек, әңгіменің төркіні әріде жатыр екен.

rpvrapapara

Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына биыл тура 75 жыл толып отыр. Бірақ, батырлық пен батылдықтың үлгісін паш еткен ерлер есімі ел есінен өшпек емес. Ал, жау жағадан, бөрі етектен алған сын сәтте сол ерлермен бірге жауға қасқайып қарсы тұрған төрт аяқты жануар – түйелер туралы естідіңіз бе?

– 1942 жылдың жазында Дон мен Кубань, Қалмақ даласын басып алған немістер екпіндеп, ендігі кезек Астрахан мен Сталинград деп ентеледі, – дейді өлкетанушы ғалым. – Негізгі күш соңғы қалаға бағытталды. Міне, осы кезде Астраханда 28-қосалқы армия жасақталып, оның 902-атқыштар полкының, 248-дивизиясы, 9-корпусы жергілікті және Нева жағалауынан эвакуацияланған жастар, сондай-ақ, Каспий теңізі моряктарынан жасақ құралды.

Бірақ, соғыс қаруы тым аз, автокөлік, басқа да техникалар жоқтың қасы. Жүк таситын аттар да жоқ. Амалсыздан артиллериялар мен зеңбіректер, соғыс құралдары, азық-түлік пен медициналық заттарды тасуға түйелерді пайдалануға тура келді. Ол үшін жергілікті тұрғындардың қорадағысы былай тұрсын, өрістегі еркін жайылған өркештілерді жинады.

Ол аздық етіп, КСРО Қорғаныс К о м и т е т і н і ң Б ұ й р ы ғ ы м е н Қазақстаннан, соның ішінде көршілес Атырау облысынан, Қалмақ даласынан, Түркімениядан әкелінді және олар ауыр жүктер тасуға арналған белді атандар мен буралар, 5-10 жастық ірі інгендер болатын. Өкінішке орай, сол түйелердің біразы бұрын ұстап-тұтылмаған асау түйелер еді. Осы олқылықтардың орнын толтыруға жергілікті малмен ісі бар қазақ жігіттерін тартты.

Сөйтіп, 1942 жылдың 3 қыркүйегінде жан-жақтан жиналған 350 түйе сол Төменгі Басқұншақтан соғыс жүріп жатқан майдан даласына аттанды. Бір қарағанда, бұл түп төркіні негізінен қазақ даласынан түлеген ойсылқара тұқымына үлкен сын еді. Иә, темір техника тұрғанда түйені ұрысқа пайдалану таңғалдырар жағдай. Оның үстіне, өмірінде түйе көрмеген еуропалық жігіттердің жануарды тізгіндегені тіпті қызық.

araopropa

Осы және басқа да себептермен түйелердің кейбірі аштан, шөлден де өлген. Алғашында қару-жарақ, соғыс техникасымен мұздай қаруланған жау солдаттары қаптаған қалың түйелі кеңес армиясына кезіккенде адамдармен ісі жоқ, құлағы қалқайып, зәре-құты қашқан «орыс танкілерін» (немістер түйелерді солай атаған) құрту үшін жұмыстанған екен. Қалай болғанда да, қосарлап жеккенде үш-төрт белді ат тартатын немесе автокөліктер көтеретін 1,5-2 тонналық ауыр жүктерді қиналмай сүйреп, 5-6 күн сусыз, жолсыз даламен тарта беретін қазақы жануарлар аз уақытта кеңес жауынгерлерінің сенімді серіктеріне айнала білді.

– 1943 жылдың 3 ақпанында Сталинград қаласы жау қолынан азат етілді. Немістер қарсыласа жүріп, кейін шегінді. Дала кемелері бар астрахандық сарбаздар Ростов қаласын да жау қолынан босатты. Сальск құмын басып, Маныч өзенінен өту оңай болған жоқ. Көп жануарлар осы аймақта қалды. Түйенің жүк көлігі есебіндегі орнын бағалай білген әскербасылар оларды бұдан былай астрахандық қосалқы полк құрамы емес, басқа да әскери құрылымдарға бөліп, тарата бастады.

Осылайша, түйелер Ресей асып, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, ұзын саны үш мың шақырымдық жолды жалпақ табандарымен басып, 1945 жылдың 30 сәуіріндегі бозала таңда Фашистік Германияның астанасы Берлинге жетті, сүйреп келе жатқан ауыр артиллериядан Рейхстагқа оқ атылды. Оның биік күмбезіне кеңестік Жеңіс туын қадауға бір табан жақындады.

Міне, осындай абыройлы міндетті атқарған Басқұншақта жасақталған полк құрамындағы аға сержант Григорий Нестеров пен делбеші Кармалюк иелігіндегі Мишка және Машка есімді қосөркештілер еді. Бұлардан басқа Калмыкияның Яшкул ауылынан алынған осы полктің 6-ротасынан Яшка есімді он жасар атан да Ұлы Жеңісті Берлиннен қарсы алады, – дейді Өтепберген Әлімгереев бізбен әңгімесінде.

P.S.

Рас, Ұлы Жеңіс оп-оңай көктен түсе қойған жоқ. Оған жету үшін қырғын адамның қаны мен жасы төгілді. Сол қиындықтың бірін де көрмеген бүгінгі ұрпақ үшін бұл тарихи тағылымдық сабақ болып қалады. Есесіне, енді әлем халқы соғыспай да бейбіт жолмен баянды өмір сүруге болатынын ұқты. Сондай-ақ, соғысқа адамдармен бірге күш көлігі, әрі қатынас құралы ретінде жылқы мен түйе малдарының да қатысқанын біліп жүргеніміз жөн.

Нұрғиса САРСЕНҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button