Атырауда «Бекіре-2021» балық қорғау акциясы басталды!
1 сәуірден бастап ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2021» балық қорғау акциясын бастады. 31 мамырға дейін созылатын бұл науқан кезінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерге қоныс аударуына жағдай жасалып, балық аулау және балықтардың заңсыз айналымына қарсы тұру шаралары жүзеге асады. Осы аптада, яғни, ауқымды шара басталар тұста Атырау өңіріне Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов жұмыс сапарымен келді.
Комитет төрағасы алдымен облыстық «орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінде балық қорғау инспекторлары, құқық қорғау органдары және аумақтық шекара қызметкерлері қатысқан штаб отырысын өткізді. Басқосу барысында Жайық-Каспий бассейніндегі балықты сақтап қалу мақсатында жүргізілетін жұмыстар, акция өткізудегі ұйымдастырушылық шаралары талқыланды. Сондай-ақ, балық қорғау науқаны кезінде құқық қорғау және қоршаған ортаны қорғау органдарының өзара іс-қимылын үйлестіру штабының құрамы мен іс-шаралар жоспары бекітіліп, қатысты органдардың нақты атқарар жұмыстары пысықталды.
- – Акция аясында браконьерлік, стационарлық және жылжымалы бекеттердің ықтимал көрінісі бар жерлерде мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Каспий теңізінің жағалауы мен су айдынына және Жайық және Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістіктеріне негізгі күштерді шоғырландыру көзделуде, өйткені браконьерлік фактілері көбінесе осы жерлерде тіркеледі. Науқан кезінде балық және балық өнімдерін әуежайларда, вокзалдарда және ірі тасжолдарда республикадан тыс жерлерге шығару қатаң бақылауға алынады. Осы мақсатта бұл жұмыстарға 120 балық қорғау инспекторы жұмылдырылып, 90-нан астам суда жүзу техникалық құралдары мен 80-ге жуық жерде қозғалу көліктері пайдаланылады. Өңірлерден өзге жерге шығатын күре жолдардың бойына бақылау бекеттері орнатылып, өзен жағалауларында мобильді топтар жүретін болады, — деді комитет төрағасы Нариман Талғатұлы.
Сөз барысында ол кезінде Елбасымыздың өзі бекіре балығының болашағына алаңдаушылық білдіріп, Каспий маңындағы 5 мемлекетке «бекіре тұқымдас балықты коммерциялық мақсатта ауламау» жөнінде мараторий жариялауды ұсынғандығын және көрші мемлекеттер бұл бастаманы бірауыздан қолдағандығын айтты. Су маржандарын қорғау бұнымен шектелмей, сол тұста бағалы балықты қорғаудың кешенді жоспары жасалған. Осылайша, бүгінде елімізде жыл сайын 7 млн шабақ қолдан өсіріліп отыр. Бұл балықтардың табиғи көбеюіне едәуір қолғабыс береді екен.
- – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің жолдауында балық шаруашылығының дамуына баса назар аударуды тапсырған болатын. Осыған орай Үкімет балық шаруашылығы дамуының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жасақтады. Осы құжатта балық шаруашылығын мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бағытында түрлі дәрежедегі субсидиялар беру жайы қамтылады. Бұның ішінде жасанды жолмен балық өсіру шараларына жәрдем беру де бар. Мәселен, Атырау облысы осы бағытта 2030 жылға дейінгі өңірлік даму бағдарламасын жасақтады. Осыған сәйкес, бұл аймақта жасанды балық өсіру деңгейі 2030 жылы 15 мың тоннаға жетпек, — деді Нариман Жүнісов.
Комитет төрағасы осы сапарында Жайық өзені бойындағы көктемгі тартым басына барып, балықшылардың жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ, шекаралық бекеттерді аралап, науқанға орай қойылатын жылжымалы бекеттердің орналасу реттерін белгілеп қайтты.
Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ