Атырауда басталған «Бекіре – 2020» акциясы қандай былықтың бетін ашты? (+ФОТО)
Atr.kz/12 сәуір, 2020 жыл. Елімізде 1 сәуірден бастап «Бекіре – 2020» балық қорғау акциясы басталды.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл шараны жылдағыдай Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жүргізеді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.
Баспасөз хатшысының айтуынша, осы акцияны өткізу барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекеттесу бойынша Үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Үйлестіру штабын басқару Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жүктелді. Акция шеңберінде браконьерлік фактілерінің басым айқындалатын жерлеріне стационарлық, жылжымалы бекеттер және қозғалмалы рейдтік топтар құрылды.
– Негізгі күштерді Атырау облысының шегіндегі Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістігінде жұмылдыру көзделген. Себебі, осы жерлерде жиі браконьерлік фактілері тіркеледі. Бұдан басқа, кедендік бақылау бекеттерінде, әуежайларда, вокзалдарда және ірі тасжолдарда Қазақстан Республикасынан тысқары балық өнімдерін шығаруға бақылау жұмыстары қарқындатылып, заңсыз балық айналымы фактілері анықталып, тоқтатылатын болады, — деді Сәкен Ділдахмет.
Айта кетсек, «Бекіре-2019» балық қорғау акциясының нәтижесінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдары 1242 табиғат қорғау заңнамасы бұзылғанын анықтады. Оның ішінде Атырау облысы аймағында — 916, Маңғыстау облысында — 183, Батыс Қазақстан облысында – 143 заңбұзушылық тіркелген. Осыған орай, 913 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 62 қылмыстық іс қозғалған. Нәтижесінде 78 заң бұзушы жауапқа тартылып, балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 16,1 млн теңге сома көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ