Атырауда бас қаланың атауы өзгеруіне орай мерекелік концерт өтуде
Atr.kz/25 наурыз, 2019 жыл. Нұрлыбек Ожаев Қазақ елінің тарихи сәтке куә болып отырғандығын айтты.
Нұр Отан партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаевтың пікірінше, ел Президенті Қасым — Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елордамыздың атауы Нұр — Сұлтан деп өзгертілуі — бірлік, ынтымақ, тұрақтылық позицияларын нық ұстанған, Ұлы дала құдіретін әлемнің тұғырына көтерген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына деген ақжүрек халқымыздың құрметі. «Егемендік жылдары ел үшін ерекше жаңалықтарға толы болды. Тәуелсіз еліміздің жетістіктері төрт күл дүниені дүбірлетті. Мұның барлығы Қазақ елінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Дана басшысының дара жолын жас ұрпақ жалғастыруы тиіс» деді ол.
Еске сала кетелік, қазіргі уақытта Атырау қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде мерекелік концерт өтуде. Бас қаламыздың атауының өзгеру құрметіне өтіп жатқан салтанатты концертті Нұр Отан партиясы Атырау облыстық филиалы өткізуде.
Амандық Абдолов.