Атырауда Бақсай су арнасынан 180 мың балық шабағы құтқарылды
Атырау облысының Махамбет ауданындағы Бақсай су арнасында балық шабақтарының жаппай шоғырлануы және қырылу қаупі тіркелді. Бұл ақпаратты Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтаған.
Бүгін, 14 қаңтарда оқиға орнына инспекция мамандары, экология департаментінің өкілдері, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының қызметкерлері мен ветеринарлық қызмет өкілдері барып, арнайы құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. Нәтижесінде шамамен 180 мың балық шабағы қауіптен құтқарылды.
Мамандардың пікірінше, шабақтардың қырылу қаупіне су арнасының мұздануы салдарынан оттегі деңгейінің төмендеуі әсер еткен. Қазір судан және балықтардан сынамалар алынып, зертханалық сараптама жасалуда.
Сонымен қатар, оқиға орнында өлі балықтарды жинау және оларды кәдеге жарату шаралары жүргізіліп жатыр. Мамандар бұл жағдайды толық бақылауда ұстап отыр және зерттеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА