Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

Атырауда БАЛЫҚШЫЛАР ӘУЛЕТІ тұрады

Өмірде бар ғұмырын бір ғана еңбек саласына сарп еткен саңлақтар бар. Ол былай тұрсын, тіпті, бүтіндей бір әулеттер де жоқ емес. Солардың бірі – Құрманғазы ауданында байырғы кәсіп – балықшылықпен айналысып келе жатқан Дүйсәлиевтер әулеті.  

Еңбек күніне орай біз де аталған әулеттің бір мүшесі Берік Дүйсәлиевті сөзге тартып көрген едік…

Ол 1957 жылы Құрманғазы ауданындағы бұрынғы Котяев, қазіргі Бөкейхан ауылында дүниеге келген.

– Біздің әулет балықшылардан құралған десем, еш қателеспеймін. Әкем Камал мен атам Дүйсәлі де, арғы аталарымыз да – бәрі балықшы болған. 1932 жылы туылған әкем балықпен көз ашты десе де болады. Өйткені, бала күнінен көрген-баққаны балық аулау кәсібі болды. Ол кезде ауылдағы ең басты кәсіп алдымен балықшылық, содан кейін егін шаруашылығы болатын. Анам Жәмиға 86 жасқа келсе де, әлі күнге дейін немере-жиендеріне байырғы кәсіптің қызығы мен қиындығын айтып отырудан жалықпайды. Әкемнің немере інісі Сәдібек, інім Қимат пен Бауыржан, бәрі де балық өнеркәсібінде еңбек етіп, тер төкті.

Ал, Сәдібек ағамыздың ұлы Артур әке жолын қуып, қазір білдей Атырау облысының Балық шаруашылығы басқармасын басқарып отыр.  

О заманда еңбек адамы, яғни, қарапайым жұмысшылар қоғамда айрықша құрметтелетін. Балалардан «өскенде кім боласың?» деп сұрағанда, «балықшы боламын» деп жауап беретін. Мен өзім де еліміз әлі тәуелсіздік ала қоймаған тұста қиындыққа қарамай, қайық ішінде түнеп те балық ауладым. Оны апарып колхозға тапсырдым. Ал, қазір ше? «Не жеймін», «не киемін» деп бас ауыртпайсың. Шүкір, қажет бұйымның бәрі бар. Таңдай қақтырар тың технология да қолжетімді. Бірақ, заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, әйтеуір, қарапайым жұмысшы болуға құлшынып жүрген жан кемде-кем. Бәрі бірдей бастық болғысы келеді, – дейді Берік Камалұлы күрсінген кейіп танытып.      

Расымен де, сөзінің жаны бар. Балықшы боламын дейтін бала болмаса, балық аулайтын балықшы қайдан шықсын?! Оның үстіне, уақыт өткен сайын, су маржандары да сиреп барады. Ал, баяғы бағалы бекіре балығының бел кеспесі орындалмас асқақ арманға айналғандай. Кейіпкеріміздің сөзінше, мұның салмақты себебі де жоқ емес. Оның ойынша, балық қорын көбейтудің жалғыз жолы – су деңгейін көтеру. Яғни, жылдан-жылға азайып бара жатқан өзен мен өр суын шұғыл молайту керек.  

– Жасыратын несі бар, бұрын Атырауда өзен суы мол болғандықтан, Каспий теңізіндегі балық Жайыққа емін-еркін кіретін. Ащы судан келген бекіре тұқымдас балықтар да тұщы суда уылдырық шашты. Сөйтіп, су астындағы тіршілік қазаны қайнап жатты. Тіпті, қанша жерден ауланып жатса да, балық үзілмейтін. Себебі, судан тапшылық болмады. Ал, қазір Ресейден су уақытымен келмейді. Яғни, ол жақтан су аз көлемде жіберіліп отыр. Міне, сондықтан бұрын біздің өзендерге ғана кіретін балықтар енді көрші елге бастарын бұрды. Менің ойымша, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Ол үшін екі ел өзара келісімшартқа отырғаны дұрыс.

Екіншіден, теңіздің тамағын қазу жұмыстарын жандандырған жөн. Балықтың жүретін жолдары бітеліп жатыр. Каналдардың көбісі құрғап қалды. Тіпті, қаланың қақ ортасындағы Жайықтың өзі қазір тап-тайыз. Жас мамандарға айтар ағалық ақылым, Атыраудың «қара алтыннан» кейінгі бар байлығы – балығын, әсіресе, бекіренің тұқымын көбейту керек. Оған қаражат үнемдеудің қажеті жоқ. Қазірден қимылдамасақ, ертең тым кеш болып кетеді, – дейді байырғы балықшы бізбен әңгімесінде.

Бүгінде Дүйсәлиевтер әулеті тамыры тереңге тартқан алып бәйтерекке айналған. Берік Камалұлына келсек, қазір ол қос ұл мен қос қыз өсіріп-өндіріп, олардан жеті немере мен жеті жиен сүйіп отыр. Ұлдары Абат пен Мағат ихтиолог мамандығын меңгеріп, ата жолын жалғады. Ал, қыздары – Дина балабақша меңреушісі болып қызмет етсе, Гүлмирасы ұстаздық жолды таңдаған екен.

Міне, осылайша, судан маржан терген Дүйсәлиевтер әулеті бүгінде шаңырақ шаттығына шомылып, жанұя жарастығына бөленіп отырған жайы бар!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

img 20210922 wa0048 1

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button