Атырауда «БӘЙТЕРЕК» спорттық клубы ашылды
Atr.kz/22 қаңтар, 2020 жыл. Өңірімізде қазақ күресі өкілдерінің басын біріктіріп, халықаралық және республикалық деңгейде өткізілетін түрлі жарыстарға біртұтас команда ретінде баруға мүмкіндік беретін «Бәйтерек» көпсалалы спорт клубы құрылды.
Аталмыш клубтың ашылуына орай өткізілген жиынға аймағымыздағы спорттың дамуына ұдайы жанашырлық етіп келе жатқан ел ағалары Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нүрпейіс Мақашев, Атырау аймақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы, облыстық маслихат депутаты Ізтұрған Баймұқанов және өлкеміздегі күрес салаларының өкілдері қатысты.
Жиын барысында «Тарлан» қазақ күрес федерациясының атқарушы директоры, самбодан ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Аманбай Қыздарбаев құрылған клубтың мақсаттары мен міндеттерін айта келіп, қоғамдық бірлестіктің басшысын сайлау ұсынысын білдірді. Одан әрі спортшылар мен жанкүйерлерге бірлестік құрылтайшылары таныстырылып, клуб директоры болып бірауыздан облыстық маслихат депутаты, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі Айбек Ғабдуллин сайланды.
Клуб құрылтайшысы Аманбай Қыздарбайұлының айтуынша, қазіргі таңда қазақ күресінің секциялары облыс орталығындағы үш ірі спорт кешенінде және кейбір аудандық спорт кешендерінде жұмыс атқаруда. Бұл жаттығу залдарында 20-дан астам жаттықтырушы боз кілем шеберлерін дайындайды. Спорттық клуб көпсалалы болғандықтан болашақта бірлестікке қазақ күресінен басқа да дзюдо, самбо тәрізді күрес түрлерін мүшеліке енгізу жағы қарастырылуда.
Осы клубтың бастамасымен алдағы уақытта өңірімізде қазақ күресінен «Каспий Барысы» аймақтық сайысы мен ардагерлер арасында ел біріншілігін өткізуге ниет қойылып отыр.