Атырауда автоспорттық кешен салу жоспарлануда
Кешен Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежайдың артында, әкімдіктен солтүстік-шығысқа қарай 8,5 шақырым қашықтықта орналаспақ. Айналма автожолдың құрылысы бұл аумақты қаланың көлік инфрақұрылымына қосуға мүмкіндік береді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Инвесторлар салуды жоспарлап отырған «Texol MotorLand Atyrau» автоспорттық кешенінің аумағы 265 гектарды құрайды. Онда ұзындығы 5,5 шақырым, FIAстандартына сәйкес келетін авто-мото жарыс жолы, әуесқой драгстрипқа арналған 200 метрлік жол, апатты жағдайға дайындық орталығы болады. Жасанды жиектері бар дрифт жолы, түрлі жарысты жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін, аумағы 40 гектардан асатын паддок мен автотұрақ аймағын салу қарастырылған.
Спорттық және әуесқой картингке арналған ұзындығы 600 метр болатын трассы бар картинг орталық, Ралли-кросқа арналған аумақ болады. 4 қабатты PITBUILDING ғимараты да жобаның басты ерекшілігінің бірі. Оның бірінші қабатында спорттық техникалар үшін 24 бокс, екінші қатарында топтар мен әкімшілікке арналған кабинеттер болады. Ал үшінші қабат сауда және коммерциялық алаң боп есептелсе, төртінші қатарда 7 мың адамға арналған жабық трибуна орналаспақ.
Жоба авторларының айтуынша, кешен Атырау облысының туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені, мұнда республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Жоспарға енген қонақ үй кешені, ойын-сауық саябағы және балалар мен жасөспірімдерге арналған ғылыми-білім беру музейін сынды нысандар да көптің қызығушылығын оятады деп күтілуде.