Елбасы есімі бүкіл қазаққа рух береді

zagruzhennoe 2 1 Жаңалықтар

Atr.kz/20 наурыз, 2019 жыл. Атырау өңіріне белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыр Жүсіп Астананы Елбасының атымен атау туралы мәселеге байланысты пікір білдірді.

zagruzhennoe 2 1

«Шежіре парақтарынан орын алған 1997 жыл. Ақмола қаласын Астана деп өзгерту туралы тарихи шешім шықты. Сөйтіп, жас мемлекетіміздің астанасын Алматыдан Астанаға көшіру жұмыстары басталды. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өміршең идеясы еді. Көп ұзамай сарабдал саясаткердің сол кезде жұрттың көбінің қарсылығына қарамай дұрыс шешім алғанына бүкіл әлем халқы куә болғаны анық. Астананың архитектуралық жобасы – Нұрсұлтан Әбішұлының шығармашылық дарынының жемісі. Бой көтерген ескерткіштер, монументтер, архитектуралық кешендер Қазақстан Республикасының айбынын асқақтатып, сән-салтанаты мен келешегін айқындап тұр.

ZH sip

Ұлтын келешекке бастаған Тұңғыш Президентіміздің кешегі Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесінің өзі ол кісінің данышпандығын, көрегендігін паш етіп тұр емес пе?! Өліара шақтың өтпелі кезеңінен өткізді, экономикалық, әлеуметтік реформаларды жасап, халықтың әл-ауқатын нығайтты, мұның бәрі бір адамға аз жұмыс па? Ішкі, сыртқы саясаттарды реттеп, 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағытымызды айқындап берген Нұрсұлтан Назарбаев – ұлт көсемі. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсынысы елдің көңілінен шықты. Шындығына келсек, Астана – Тұңғыш Президенттің бел баласы, жүрегінен жарып шыққан перзенті. Оның әр көшесі мен әр жобасында оның қолтаңбасы бар.

Қазаққа сонау солқылдап тұрған кезеңде, алмағайып замананың желінен қорғау үшін Нұрсұлтандай тұлға берген Жаратушыға мың алғыс! Бұл – қазақтың маңдайына қонған бақ! Сондықтан, Астана қаласын Тұңғыш Президенттің есімімен атауды шын жүрегіммен қабыл аламын. Тарихта Американың халық сайлаған тұңғыш президенті, мемлекеттігінің негізін қалаушылардың бірі Джордж Вашингтонның құрметіне қазіргі Вашингтон қаласының атауы берілген болатын. Міне, ел үшін ғұмырын сарп еткен тұлғаларға халықтың құрметі осындай!  Қазағын тура жолдан тайдырмай, қандай қысылтаяң кезде де салқынқанды ақылымен, сарабдал саясатымен бүкіл әлемге белгілі еткен кемеңгер Нұрсұлтан Назарбаев есімі де бүкіл қазаққа рух беретініне кәміл сенемін» деп түйіндеді сөзін ғалым Atr.kz-ге берген сұхбатында.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз