Атырауда ауыз су мәселесі қалай шешілетіні белгілі болды
Сумен жабдықтауды жақсарту мақсатында игі бастамалардың қолға алынып, жаңа инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы құптарлық жайт. Десек те…
Бұл бағытта шешімін күткен мәселелер әлі аз емес. Облыс орталығынан шалғайдағы елді мекендерді айтпағанда, Атырау қаласының іргесіндегі ауылдардың өзі ауыз судан тапшылық көріп, азабын тартып отыр.
Соңғы он жылда шаһар аумағында бой көтерген ауылдар мен шағынаудандар су құбырының нашарлығынан немесе қуатының аздығынан тіршілік нәрін сағаттап қана пайдалануға мәжбүр. Оған басты себеп, оларға аула маңындағы бау-бақша мен жеміс ағаштарын жүзімдіктерді суаруға арналған жазғы су жүйелері жүргізілмеген. Соның салдарынан мамырдың ортасынан бастап бүкіл жаз бойына құбырдағы қысым күрт төмендейді де, шеткі елді мекендерге су сыздықтап, тіпті тамшылап қана жетеді. Сөйтіп, егіні тұрмақ, тұрғындардың ұрттам суға зар болып қалып жататыны жасырын емес. Мұны олардың өздері ашық айтып отыр.
- Арман ДАЙЫРОВ, «Өркен» шағынауданының тұрғыны:
– Соңғы 4-5 жылдан бері жаз басталысы-мен сусыз қалатын жағдайды бастан кешіп келеміз. Осы уақытта ауылда жаппай егіндік пен бақшалықты суару басталады. Ал, бөлек, жазғы су желісі болмағандықтан, құбыр бойындағы судың қысымы күрт төмендеп, жағдай қиындайды. Сыздықтап аққан су көшенің басына жетсе, аяғына жетпей қалады. Тек түнгі 12-ден таңға дейін қалыпты жүреді. Басқа амалдың жоқтығынан сол кезде ғана қажетті суымыз-ды жинап аламыз.
Осы елді мекеннің тұрғыны Айнұр Жексенғалиева да ауылдасының сөзін толығымен қостады. Оның айтуынша, бар суды әуелі бақшаға құйса, онда үйге ішуге жетпейді немесе керісінше көрінеді. Басқасын былай қойғанда, кейде тіпті жөндеп жуынудың өзі қиын. Мұндай жағдайдың көршілес Еркінқала ауылына да тән екенін округ әкімі Мұхтар Құмарғалиев те айтып отыр. Әсіресе, осыдан үш жыл бұрын «Еркінқала-2» шағынауданы пайдалануға берілгелі бері бұл күрделі мәселеге айналған сыңайлы. Негізінде, қазірде 3 000-дай адам тұратын бұл ауылдың өзіне бөлек су құбыры тартылса да артық емес деп есептейді ауыл әкімі.
- Осыған орай түсінік берген «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз хатшысы Александр Пастухов төмендегідей уәж айтады:
– Бұл тек өзіміз куәсі болып отырған «өркендіктердің» ғана басындағы мұң емес. Атырау қаласы маңындағы 5 елді мекен осын-дай күй кешіп отыр. Біз тұрғындарға штаттық режимде қажетті мөлшерде суды беріп отырмыз. Бірақ жаз айларында олар бақша мен басқа да қажеттеріне суды көп пайдаланады. Сол себепті қысым азаяды да, су жетпейді.
Өзекті мәселе төңірегінде тұрғындармен кездесіп, жағдайды түсіндірген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Ембергеннің баян-дауынша, ауылдықтардың жанайқайы жергілікті билікке бұрыннан жақсы таныс. Өкініштісі, кезінде жер телімдерін жобалау сызбасына жазғы суару жүйесі енбеген. Осыдан келіп, кейінгі он жылда салынып, пайдалануға берілген елді мекендердің бәрінде осындай жағдай қалыптасып отыр. Қалай болғанда да бұл мәселені аяқсыз қалдырмай, оңтайлы шешуге жұмыстануда. Атап айтқанда, Өркен, Ақжар, Ақсай ауылдарында, одан кейін Кеңөзек, Еркінқала ауылдық округтерінде осын-дай мәселе туындап отырғаны мәлім. Судың тапшылығына байланысты осы және өзге де су тапшылығын көріп отырған елді мекендер-ге сыйымдылығы 100 тонналық резервуарлар қойылады. Бірақ мұның өзі де уақытша қолға алы-нып отырған шара. Болашақта жазғы су құбырын жобаға енгізіп, іске қосу ойластырылуда.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ