Жарнама
ЖаңалықтарФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

«ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ-2030» – 25 ЖЫЛ: Жағдайы жоқтарға — жайлы баспана! (+ФОТО)

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық қой. Бейбіт күнде ізгі іспен айналысып жүрген батырларымыз қаншама? Аты-жөнін біреу білер, біреу білмес. Себебі, олар жасаған жақсылығы жөнінде жар салғысы келмейді. Ал, қазіргідей сын сағатта қайырымды жандардың орны тіптен бөлек.

Міне, осы қатарда кеше ғана екі отбасыға екі баспана салып берген Нұрислам Ғұмар бастаған атыраулық жастар да бар. Осындайда, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың «Кімде-кім осы дүниеде бір бауырының мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла-тағала оның мұқтаждығын өтейді» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

ЖАСТАР ЖАСАҒАН ЖАҚСЫЛЫҚ

Әрине, жақсылықты атын атап, түсін түстемей жасайды. Мұны біз сөзге тартып көрген ерікті жастар да ескерткендей болды. Бірақ, жан сүйсінер жақсы істерден өзгелер де хабардар болуға тиіс қой. Бәлкім, сонда басқалар да сондай ізгі іздің соңына түсер деген ой ғой біздікі.

Сонымен, үйсіздің үйін беріп, күйін келтіріп отырған кімдер? Олар – Атырау қаласының маңындағы Жаңаталап, Атырау (Қызылбалық), Құрманғазы, Дамбы және Амангелді ауылдарының жастары. Өздерінің айтуынша, бұл – былтыр басталған бастама екен.

– Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік аз қамтылған жандарға жәрдемдесу. Алдымен, мұқтаж жандар қаншалықты көмекке зәру, барлығын егжей-тегжейлі зерттеп аламыз. Содан соң ғана іске кірісеміз. Сөйтіп, «инстаграмм», «фейсбук» секілді әлеуметтік желілер арқылы баспана салатынымызды айтамыз. Жағдайы бар жандар көрсетілген есепшотқа мүмкіндігі жеткенше қаражат аударады. Бәрі де «Жаңаталап жастары» деген атаумен ғаламтордағы әлеуметтік парақшаларда жарияланып тұрады. «Көп түкірсе көл» демекші, тиыннан теңге құралып, қажетті қаржы да жиналады, — дейді ізгі істі ұйымдастырушылардың бірі Нұрислам Ғұмар.

img 20200504 wa0062 1
img 20200504 wa0065

Ең алғашқы баспана сексен жастағы Жаңаталап ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Айша Құнановаға бұйырды. Сөйтіп, Жаңаталап ауылының жастары ақжаулықты анаға өз күштерімен үй тұрғызып берді. Осылайша, игі іске мешіт имамдары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар бірауыздан қолдау көрсеткен. Үш бөлмелі баспана
аумағы 12Х6 метрді құрайды.

– Төрт адам болып ағамның үйінде тұрып келдік. Үйдің іші салқын болатындықтан анамыз жиі ауырып қалушы еді. Енді жергілікті жастардың жәрдемімен жаңа қонысқа қол жеткіздік. Жанға жайлы жеке баспанамыз қашан болар екен деп көптен бері армандап келдік. Міне, сол арманымыз орындалды. Бұл үшін жомарт жастарға айтар алғысымыз шексіз, — дейді қарияның қызы Айман Құнанова.

БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ – КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР

Әуел баста жастар көпшіліктен жиналған қаржыға баспанаға қажет құрылыс материалдарын сатып алғандарын айтады. Ал, үй салу жұмыстарымен өздері айналысқан. Енді дайын тұрған баспананы сатып алуды қолға алыпты. Бірақ, жөндеу жұмыстарын өз міндеттеріне алып отыр.

М і н е , о с ы л а й ш а , төрт ауылдың жастары жұдырықтай жұмылып, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарияларға қолдан келгенше көмек көрсетуде. Сондай мұқтаж жандардың бірі – Зарослый елді мекенінің тұрғыны, сегіз баланың анасы Нұрлы Омарова. Биылғы Рамазанда ол да ерікті жастардың ұсынысымен және көпшіліктің қолдауымен жаңа үйге жайғасып жатыр. Баспана бақыты бұйырған жас ана сенер-сенбесін білмей, қуанышын жасыра алмауда.

– Жолдасым жұмыссыз. Балаларымның үлкені 16 жаста, кішісі жасқа да толмаған, — дейді ол. – Осы күнге дейін әркімнің үйін жалдап, жәрдемақыға күн көріп келдік. Соңғы үйде он жыл тұрдық. Мұнда су да, «көгілдір отын» да болмады. Ортасы пешпен бөлінген жадағай үйдің жағдайы төмен екенін қайырымды жастар өз көздерімен көрді. Сөйтіп, қол ұшын беруге шешім қабылдады. Біз секілді көмек күткен жандарға үй сыйлап жатқан оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Осындай жаңа қонысқа жалғызбасты көп балалы ана Анар Қосыбаева да ие болды. Сондай-ақ, Атырау ауылдық округінің мешітіне қайырымдылық шаралары үшін жаңа автокөлік сыйға берілді.

P.S.

Ұйымдастырушылар күн сайын жиналып отырған соманы бірден депозитке аударып отырады екен. Өйткені, қаражат тек Атыраудан емес, өзге өңір тұрғындарынан да түсіп жатыр. Ерікті жастардың ендігі мақсаты – қалыптасқан игі үрдісті үзіп алмау. Яғни, мұқтаждарды үймен қамту науқаны жалғаса береді. «Бұдан бөлек, алдағы уақытта сал ауруына немесе басқа да ауыр науқасқа шалдыққан жандардың емдомына көмек беру жоспарда бар» дейді жастар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

img 20200504 wa0063
img 20200504 wa0064 1

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button