Атырауда ауыл тұрғындары көше қарын өз күштерімен тазартты

330159367 517917600471651 2591442039425434088 n Жаңалықтар

Атырау қаласында қар тазалау жұмыстары жүргізілгенімен, толық аршуға техниканың жетіспеуі қолбайлау болды. Соған қарамастан қала іргесіндегі ауыл тұрғындары бұл жұмыстарға бір кісідей атсалысты. Солардың қатарында Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Талқайраң-2 ауылының тұрғындары да бар.

Алғаш жауған үйме қардан қалаға қатынау қиын болған соң, ауыл тұрғындары өз беттерінше əрекет етуге кіріскен. Талқайраң-2 ауылының тұрғыны Ербол Раушанов ауыл тұрғындарына қаражат жинап, арнайы техника жалдауды ұсынғандығын айтады.

– Техникалардың жеткіліксіздігінен қаланың іші қардан толықтай тазаланып үлгерілмей жатты. Содан «ауылға кіріп- шығатын жолды өзіміз тазалап алсақ қайтеді…» деп тұрғындарға ұсыныс айтып көргенмін. Олар бірден құп алып, бəріміз жұмыла кірісіп кеттік. Сол күні 17.00- ден түнгі 00.00-ге дейін ауылдағы жолдың барлығын тазалатып алдық. Тұрғындардың ұйымдасып, белсенділік танытқанына тəнті болдым, – деді ауыл тұрғыны.

Биыл Қайыршақты ауылдық округінің құрамына енген Ақсай-2 ауылының тұрғындары да өз күштерімен қар тазалау жұмыстарын жүргізді. Олар жиналған қаражатқа техника жалдап, əкімдік тарапынан көмек жеткенше амалдаған.

– Екі күн бойы көліктер қарға батып, адамдар омбылап жүре алмадық. Қалың қардың салдарынан қоғамдық көліктер де ауыл арасына кіре алмай қалды. Сондықтан қол қусырып отырмай, өзіміз əрекет ете бастадық, – деді ауыл тұрғыны Раушан Фазылова.

Қайыршақты ауылдық округінің əкімі Шапхат Қалиев ауылдық округ бойынша мектептер, емханалар, балабақшалар, жаяу жүргінші жолдары жəне қоғамдық көлік жүретін орталық жолдар тазартылғандығын айтады. Оның сөзінше, əр күн сайын 4-5 техника қар тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз