Атырауда ауыл кәсіпкері су тазарту цехын ашты
Atr.kz/23 қаңтар, 2020 жыл. Исатай ауданының тұрғыны Диана Сырымқызы алғаш болып бөтелкедегі су өндірісін қолға алып, арнайы цех ашты. Ол – «Бизнес-Кеңесші» жобасының түлегі.
– Мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, 2 млн теңге грант жеңіп алдым. Сол ақшаға Қытайдан су тазалау қондырғысын сатып алдым. Оның қуаты сағатына 500 литр су дайындауға дейін жетеді. Өзімнің дайын дүкенім бар еді, соны цехқа айналдырдым. Бұған едйін тұрғындар суды 80 шақырым жердегі облыс орталығынан әкеліп жүрді. Енді ешқандай қиындық жоқ, — дейді кәсіпкер.
Ал, біздің кейіпкерімізге жол ашқан «Бизнес-Кеңесші» жобасымен 44 адам оқытылып, төртеуі 9,1 миллион теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген. Сөйтіп, аудан үшін инновация болып саналатын жобаларды жүзеге асырған. Атап айтсақ, бұлар – кілем тазалау, металлға жазу, стоматология кабинеті мен осы бөтелкедегі су өндірісі.
- Аудан тұрғындарының айтуынша, алдағы уақытта мал терісін қабылдау және өңдеу цехын ашуды ойлатсыру керек. Өйткені, ет өндірісінің көлеңкесінде қалып қойған тері өнеркәсібі бүгінгі нарықта үлкен сұранысқа ие. Олай болса, шығынын да артығымен ақтайтыны анық.
Амандық АБДОЛ
Исатай ауданы