Әлеуметтік саланың әлеуеті зор

  Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев өткізген баспасөз-конференциясында кеңінен айтылды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы НӘУТИЕВ баспасөз конференциясын өткізіп, әлеуметтік қамту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жастар саясаты және дін салалары бойынша аймақта атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Аталған әлеуметтік салаларды дамыту бағытында облыста он басқарма жұмыс жасайды. Ең алдымен, білім беру ісіндегі маңызды міндеттерге тоқталған аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда облыста 192 мектеп бар.

 – Облыста алты апаттық жағдайдағы мектеп мәселесі шешімін күтуде. Бүгінгі таңда соның төртеуінің құрылысы басталды. Оның екеуі – Индер ауданындағы Құрылыс және Аққала, біреуі – Махамбет ауданындағы Береке ауылдары және тағы бірі Атырау қаласындағы Ақжар елді мекенінде салынуда. Ал, енді Құрманғазы ауданының Аз-ғыр және Индер ауданының Ынтымақ ауылдарындағы мектеп құрылыстарын бастау үшін тендер ұйымдастырылып жатыр. Бұған қоса, өткен жылы Доссорда басталған 300 орындық мектептің құрылысы биыл аяқталмақ. Облыс орталығындағы Нұрсая мөлтек-ауданында 624 орындық мектеп құрылысы жүруде. Биыл жергілікті бюджет есебінен үш мектеп салынбақ, – деді облыс басшысының орынбасары. Ол, сонымен қатар, білім беру саласында кадр тапшылығы мәселесі өзекті проблемаға айналып отырғанын жасырмады. Мұндай мәселе денсаулық сақтау саласында да орын алып отыр.

  Халық саулығын нығайту, аурушаңдық деңгейін азайту, аурудың алдын алу мақсатында облыста үлкен шаралар атқарылуда. Мысалы, құрылысы жүріп жатқан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, Геологтағы емхана және Құрманғазы ауданының орталығы – Ганюшкин ауылындағы фельдшерлік бөлімше биылғы жылы пайдалануға берілмек. Он төрт нысан күрделі жөндеуді қажет етеді.

 – Салаға 124 дәрігер жетіспейді. Олар – жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог мамандар. Осы мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда медициналық жоғары оқу орындарын бітіргелі отырған 85 жас маманмен келісімге келдік. Алдағы бір-екі жылда маман тапшылығы мәселесі шешіледі деген ойдамыз. Облыстық ауруханаға 340 миллион теңгеге «Ангиограф», Жылой ауданындағы ауруханаға 330 миллион теңгеге «Компьютерлік томограф» медициналық техникасы және сала мекемелеріне 32 «УАЗ» санитарлық автокөлігі берілді, – деді Әлібек Ибатоллаұлы.

  Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында халықтың кем дегенде отыз пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы керектігі жөнінде нақты тапсырмалар бергені белгілі. Облыс басшысының орынбасары осы орайда өлкемізде бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда аймақтағы 74 денешынықтыру нысанында спортпен шұғылданатындар саны артып келеді, ол облыс халқының 25,2 пайызын құрайды. Өткен жылы Құрманғазы ауданының Шортанбай, Котяев ауылдарында және Атырау қаласының Нұрсая мөлтекауданында спорт кешендері салынды. Ал, биылғы жылы мұнда теннис корты пайдалануға берілмек. Ағымдағы жылдың алғашқы маусымында жұмыс көлемінің азаюына байланысты 25 мекемеден 353 адам жұмыстан қысқарған. Оның 69-ы жұмысқа орналасты, үш адам – қайта даярлау курстарына, ал, біреуі әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Жергілікті атқарушы орган өкілі баяндамасын аяқтаған соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Сарайшықтың орнын сақтап қалу мәселесі бүгінде ең өзекті болып табылады. Осыған байланысты Жайықтың жағасын бекіту жұмыстары қашан қолға алынады?

– Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Ол үшін екі миллиард теңгеге жуық қаржы қажет. Осы мәселемен негізінен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі айналысуда. Сонымен қатар, туристік кешен салу мәселесін де қарастырып жатырмыз. Бұл мәселе біздің күнделікті бақылауымызда, бірақ, қазіргі жағдайда жұмыстың кідіріп жатқанын жасырмаймын.

– Облыста бүгінгі таңда туберкулезбен аурушаңдық қандай деңгейде? – Медицина саласындағы басты проблеманың бірі – туберкулез ауруы. Ең күрделі ахуал – Құрманғазы және Мақат аудандарында. Бүгінгі таңда оны шешу үшін Үкіметке тиісті құжаттарды дайындап жатырмыз. – Облыста Ұлттық бірың-ғай тестілеу сынағы аяқталды. Осы орайда білгім келгені: Апелляциялық шағымдар қалай қабылданды?

– Апелляциялық комиссияға 128 арыз түсті. Соның ішінде, облыста «Алтын белгіге» үміткер 77 оқушының сегізіне білімін ақтауға бір балл ғана жетпей қалды. Бұл мәселе республикалық комиссиямен жан-жақты талқыланып, қаралды. Биылғы тестілеудің бір жеңілдігі – шекті деңгейден өте алмаған түлектер ағымдағы жылы қайта кешенді тестілеу тапсыру арқылы жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуге құқылы. Оған құжаттар 1-8 тамыз аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында қабылданып, тестілеу 19-24 тамыз аралығында өткізіледі. – Ауыл жастары көбіне жұмыс іздеп, қалаға келіп жатады. Осыған орай, ауылдардағы жұмыссыздық мәселесін шешу жолдары қалай қарастырылып жатыр?

– Бұл, шындығында да, үлкен мәселе. Жастар мектепті немесе жоғары оқу орнын бітірген соң ауылдан мамандығына, икеміне сай жұмыс таба алмайды. Бірақ, ауылдың әлеуетін арттыру, көркейту бағытында облыс және Үкімет тарапынан жанды жұмыстар атқарылып, қаржы бөлінуде. Мәселен, біздің облыста 2008 жылы ауыл шаруашылығын субсидиялау мақсатында тек 40 миллион теңге қаражат бөлінген болса, биыл көрсеткіш 1 миллиард 900 миллион теңгеге жетіп отыр. Енді осы қаржыны сұранысқа сай беру мәселесі туындауда. Қазіргі кезде қаражаттың барлығы екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Сондықтан, кепілдік мәселесі жергілікті жерде қиындық туғызуда. Осыған байланысты, Жер кодексінде жерді кепілдікке салу мәселесі де қаралып жатыр. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 941 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Күні бүгінде оны 68 адам алды. Сонымен қатар, жастар ұйымдары арқылы да қаражат бөлу жайы қарастырылуда.

  Тағы бір айтатын жай, біздің облыста әскери оқу орындарына түсуге қызығушылық байқалмайды. Ал, қазір әскери бөлімдерге мамандар өте қажет. Дін саласында да теолог мамандар жетіспейді. Мәселен, аймақта тек алпыстан астам ғана теолог бар. Сондықтан, жастарға осы бағытта білім алуға мүмкіндік қарастырылуда. Келесі жылдан бастап облыстағы 25 техникалық және кәсіптік бағдардағы колледждер 71 мамандық бойынша тегін түрде білім береді. Сонымен бірге, Атырау мұнай және газ институты мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне қажетті тағы төрт мамандық бойынша жастарды тегін даярламақпыз.

– Облыста жекеменшік балабақшаларды көбейту жұ-мыстары қалай жүргізіліп жатыр? – Аймақта мектепке дейінгі 300 мекеме жұмыс жасайды, оның ішінде 168 балабақша (30-ы жекеменшік) мен 138 шағын орталық (төртеуі – жекеменшік) бар. Мысалы, жақында Жылыой ауданында жеке меншіктегі балабақша пайдалануға берілді. Енді Махамбет пен Исатай аудандарында осындай шараны қолға алуды жоспарлап отырмыз.

– Нұрсая мөлтекауданында халықтың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл жерде мектептің жоқ болуына байланысты оқушылар қала орталығындағы мектептерге қоғамдық көліктер арқылы қатынайды. Сондықтан, оқушыларға арнайы автобус қарастыру мүмкіндіктері бар ма?

– Жақында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша балаларды мектептерге тасымалдау үшін қажетті автокөліктер шығаруды қолға алдық. Күні бүгінде осы мақсаттағы 10 автобусқа тендер жарияланып жатыр.

– Құрылысы жүріп жатқан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы тұрғындар игі-лігіне қашан беріледі? – Аурухананы ағымдағы жылдың шілде айының аяғында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

– Атырауда ипподром салу мәселесі жыл сайын көтерілгенімен, шешімін таппай келеді. Осы жөнінде не айтасыз? – Ипподром салу мәселесі соңғы төрт-бес жыл бойы көтерілуде. Оның жобалық-сметалық құжаттары да дайын. Негізінен, алғашында Дамбы жақтан салу жоспарланған болатын. Әзірге қаржы қиындығына байланысты құрылысқа қаражат бөлінген жоқ.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз