Атырауда ауыл әкімдеріне арналған форум өтті
Атырауда «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет ауыл әкімдері форуымы өтті. Форумға «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысты.
Алдағы уақытта әкімдердің жұмысын оңтайландыру бағытындағы жұмысты жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған форумға облыстың басқарма басшылары, ауылдық округ әкімдері, «AMANAT» партиясының қалалық аудандық филиалдардың атқарушы хатшылары, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары және Батыс Қазақстан облысынан қонақ ретінде шақырылған азаматтар да болды.
Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев облыстағы ауылдық аумақтарды дамытуға арналған «Ауыл
аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, облыста 1,5 млрд. теңгені құрайтын 192 жоба қаржыландырылған.
– Облыста осындай жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар, жеңілдетілген несие беру бағдарламаларын пайдалану
арқылы округ әкімдері жергілікті тұрғындар мен шаруа қожалықтары арасында тығыз байланыс, кеңінен насихат жұмыстарын жүргізуге тиіс.
Аталған жобалардың нәтижесі әрқашан жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуімен және бағаларды мейлінше тұрақты ұстап тұруға ықпал етуімен құнды болып табылады. Біз мейлінше назарды ауыл-аймаққа аударып, әлеуметтік инфрақұрылым дамытуда нақты қадамдарға
барып келеміз. Нәтижесінде газдандыру, ауызсу мәселелері түбегейлі шешімдерін тапты деп айтуымызға негіз бар, — деді Жасұлан Орақұлы.
«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев ауылдық округ әкімдерінің өңірлік форумдары елдегі барлық аймақта өтіп жатқандығын, бұл бастамаға ұйытқы болған негізгі себептерге тоқталды. Эльдар Тынышбайұлы республика бойынша сайланған ауылдық округ әкімдерінің басым көпшілігі «AMANAT»партиясының мүшелері екендігін атап өтті.
– Халық, партияны, сіздер атқарған жұмыстарыңызбен бағалайды, байланыстырады. Сіздерге келетін критика партияға бағытталған сын. Сіздердің абыройларыңыз — партияның абыройы! Сондықтан, сіздер партияның күн тәртібін толық білуге және оны насихаттауға, сайлауалды міндеттемелер мен партиялық жобаларды іске асыруға барынша белсенді қатысуларыңыз керек. Ал сіздердің халық алдындағы сайлауалды уәделеріңізді тиімді іске асыруға, партияның саяси да, ұйымдастырушылық та ресурсы жетеді. Сондай-ақ, бүгінде сайланған әкімдердің жұмыс тиімділігін арттыру және ауыл-аймақтарды экономикалық тұрғыдан дамыту үшін не істеу керек? Әңгіме, ең алдымен, 4-ші деңгейлі бюджеттің кіріс базасын ұлғайту, сайланған әкімдердің функциялары мен өкілеттіктерін, жоспарлау жүйесін әрі қарай кеңейту туралы болып отыр. Сапалы және жүйелі ұсыныстар тек сіздердің белсенді қатысуларыңызбен ғана әзірленуі мүмкін. Сондықтан, бүгінгі Форум жұмысында өздеріңізден белсенділік күтемін, — деді партия хатшысы.
Содан соң, пленарлық отырыста Батыс Қазақстандық «AQZHAIYQ» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы төрағасының кеңесшісі Алдияр Халелов, «Ауыл аманаты» кеңселік жобасының сарапшысы Нұрлыбек Мұқанов сөз сөйлеп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Форум барысында ауылдың экономикалық белсенділігін арттыру, ауыл өнімдерін шетелдік компанияларға өткізу тәжірибесімен бөлісу, мемлекеттік сатып алудағы өзгерістер турал тақырыптар секциялық жұмыс барысында кеңірек талқыланды.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ