Атырауда ӘСКЕРИ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕН ЧЕМПИОНАТ өтті (+ФОТО)
Atr.kz/21 қаңтар, 2020 жыл. «Атырау» спорт кешенінде Ақтөбе, Ақтау, Атырау гарнизондарының әскери қызметшілері мен Ұлтық Ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің қатысуымен «Қазақ жауынгері» жарысы болып өтті.
Әскери жекпе-жек түрі бойынша өткен ашық чемпионатқа қатысқан 10 команда жауынгерлері 9 түрлі салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Негізгі бәсекелер басталар алдында Өңірлік қолбасшылықтың әскерлері қолбасшысы полковник Нұрлан Алдияров сөз алып, өздерінің жекелей шеберліктерін паш етуге сақадай сай тұрған сайыпқырандарға сәттілік тіледі.
Классикалық жекпе-жек ұрысынан өзінің экипировкасымен ерекшеленетін әскери жекпе-жек ұрысында жауынгерлер үстіне жаздық далалық костюм мен қорғаныс сауытын киіп ұрысады екен. Оның техникалық арсеналы қол, аяқ, және тіземен жасалатын соққылардан құралған. Ұрыста спортшылар самбо мен ұлттық күрестің лақтыру әдістерін, каратэдегі аяқ және бокстағы қол соққыларын, сонымен қоса тұңшықтыру және ауырту әдістерін қолданады.
Чемпионат қортындысында жалпы есептегі бірінші орынды Ақтөбе қаласының 30238 әскери бөлімі иеленсе, екінші және үшінші орын Атырау қаласының 41433 және 2016 әскери бөлімдерінің жігіттеріне бұйырды. Ендігі кезекте, осы жеңімпаздардан жасақталған өңірлік қолбасшылықтың құрама командасы ақпан айында Алматы қаласында өтетін Қарулы күшердің чемпионатына қатысады.