
Атырауда әскери бөлімде жаңа командир тағайындалды
Атырау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінің командирі болып подполковник Самет Құлахмедов тағайындалды. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа командирді әскери бөлімнің жеке құрамына «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшысы, генерал-майор Бекайдар Қазкеев ресми түрде таныстырды.
Подполковник Самет Сунатоллаұлы бұған дейін осы бөлімде командирдің бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметін атқарып келген. Қызмет барысында ол өзін білікті ұйымдастырушы, жоғары тәртіп пен жауапкершілікті ұстанатын кәсіби офицер ретінде көрсете білді.
Іс-шарада генерал-майор Бекайдар Қазкеев жаңа командирге сәттілік тілеп, оның бөлімнің жауынгерлік дайындығын арттыру мен әскери тәртіпті нығайту жолында нәтижелі жұмыс атқаратынына сенім білдірді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ