Атырауда «Ардагерлерге құрмет пен тағзым» ескерткіш тақтасы ашылды
Бүгін Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеген ардагерлердің және Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушылардың құрметіне «Ардагерлерге құрмет пен тағзым» ескерткіш тақтасы ашылды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында Семей полигоны ардагерлерінің төрағасы Каршыға Білім, Атырау облыстық Чернобыль ардагерлер қоғамы төрағасы Серік Мырзағалиев ардагерлердің ерлік істері жөнінде кеңінен айтып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Айта кетейік, Чернобыль апатына Атырау облысынан 1500 адам қатысса, қазіргі таңда арамызда 160 ардагер бар.
Ескерткіш тақта сол кезде өз денсаулығына зиян келетінін біле тұра Отанын қорғауға аттанған азаматтардың құрметіне арналып орнатылды. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, отаншылдыққа үндейді.