Атырауда ардагер атына көше берілді

5cbd01d3 27c7 4cf4 bc22 38d52550dca7 Жаңалықтар

Жеңісті жақындатып, елінің дамуына үлес қосқан азаматтардың есімі ұмытылмайды. Осындай игі мақсатта Жұлдыз-3 шағынауданындағы №11 көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері Түркен Телеубаевтың есімі берілген болатын. Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында соғыс ардагерінің есіміне берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып құттықтады.

– Тағдыр тауқыметімен қан майданда ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан Түркен атамыздың есімін келешек ұрпақтың жадында сақталуына бағытталған бұл шараның маңызы зор. Бұл күнді ардагер ұрпақтарының зор қуанышы деп білемін. Атырау қаласының әкімі Мейірім Жоламанұлының атынан баршаңызды осы айтулы күнмен құттықтаймын, – деді әкім орынбасары.

e67f38f8 24be 473a 9a50 04131ed2b2cd

Сондай-ақ, салтанатты шарада әулеттің құдасы Асқар Сейітов, ардагердің әріптес інісі Бекен Басаров, көршісі Бағыт Кенжебаев сөз алып, ерекше толғаныспен еске алды.

Ардагердің ұлы Серік Телеубаев іс-шараға келген ағайынға алғысын білдіріп, қартына құрмет көрсетіп жатқан азаматтарға ризашылығын жеткізді. 

– Бүгінде ата-анамыздан өрбіген 6 ұл, 2 қыздан немере-жиендері, шөберелері бар. Әкеміздің құрметіне көшенің берілгеніне қуаныштымыз. Алла әкемізді алдынан жарылқасын! Қуанышымызға ортақтасып келіп жатқан ағайын-туыс, көрші-көлемге бек рақмет, – деді Серік Түркенұлы. 

Түркен Телеубаев 1915 жылы 1 шілдеде Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Бақсай (қазіргі Махамбет) ауданындағы №18 ауылда дүниеге келген. 1938-1940 жылдар аралығында әскер қатарына шақырылып, отан алдындағы борышын өтеді. Осы жылдары «Фин» соғысына да қатысқан.

1941 жылы отбасын құрып, артынша Қызыл Армияға 1942 жылы Гурьев қалалық әскери комиссариатынан соғысқа алынған.

Майдандағы еңбегі үшін мерекелік медальдармен және түрлі дәрежедегі ордендермен марапатталған. 

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз