Атырауда Аналар күні аталып өтуде
Биыл 12 мамырда Қазақстанда алғаш рет Аналар күні тойланады. Атаулы күнге орай Атырау қалалық перзентханасында мерекелік іс-шара өтті.
Жанұядағы құндылықтарды насихаттап, отбасы институтын жетілдіру, анаға деген құрметті арттыру мақсатында ұйымдастырылған басқосуда көп балалы аналарға салтанатты жағдайда «Алтын алқа», «Күміс алқа» табыс етілді.
-Елімізде алғаш рет қолға алынған Аналар күніне байланысты Атырау облысында 6 мамырдан бастап әлеуметтік желілерде бірқатар жұмысты ұйымдастырып жатырмыз. Төтенше жағдайға байланысты ауқымды іс-шараларды кейінге қалдырдық, бірақ жоспардағы бірқатар міндет онлайн форматта да жүзеге асырылуда, — дейді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина.
Шара барысында «Атырау облысы іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Фатима Төлеева көп балалы аналарды айтулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Жиында «Алтын алқаны» кеудесіне таққандардың бірі, 8 балалы ана Алмагүл Ғұсманова — Атырау қалалық перзентханасы нәрестелер жан сақтау бөлімінің кіші буын қызметкері. Бүгінде ол отбасында 4 қыз, 4 ұл тәрбиелеуде. Үлкен ұлы өрт сөндіру саласында адам өміріне араша болып қызмет етіп жүрсе, спортты серік еткен бір ұлы волейболдан жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болудан кенде емес. Көп балалы ана өзінің осындай ұл-қыздарымен мақтанатынын, олардың әрбір жетістігі оның мәртебесін арттырып, әйел-ана бақытын еселей түсетінін атап айтты.
Айта кетейік, қазір перзентханада 92 жүкті әйел бар. Аналар күні қарсаңында 10 мамыр күні 5 сәби дүние есігін ашқан. Оның үшеуі ұл және екеуі қыз.
Ұлболсын МАРСОВА
Суреттер мен бейнежазба автордікі