Атырауда «Аналар кеңесі» өтті

dsc 4396 scaled Жаңалықтар

Atr.kz/25 ақпан, 2020 жыл. Биыл аналарды қолдау мақсатында Түркістан мен Тараз қаласындағы киелі   орындарға саяхат жүргізіледі. Сондай-ақ, «Отбасылық өмірінің әліппесі», «Анашым, мені тыңдашы!» атты қыз балалармен сырласу жобалары жүзеге асырылады. Бұл туралы «Достық» үйінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алтын шаңырақ» Аналар кеңесінің отырысында айтылды.

 Басқосуда «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Жанар Ильясова облыстық, қалалық және аудандық Аналар кеңесінің жетекшілерімен кездесті. Ұлттық құндылықтарға негізделген және бүгінгі заман талабына сай аналар ортасын қалыптастыру – «Алтын шаңырақ» Аналар кеңесінің басты міндеті. Осы орайда кездесу барысында облыстық кеңестің жаңа құрамы бекітіліп, 2020 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Сондай-ақ,  қыз балалар тәрбиесі, ене мен келіннің қарым-қатынасы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналардың психологиясы, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері де қаралды.

 «Ұмтылыс» қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Жаннұр Жақсылыққызы ерекше бала асырап отырған аналардың жан айқайымен бөлісті.  «Біз бүгінде ауылдық жерлерден осындай отбасылар үшін арнайы бөлімше ашып, аналармен тікелей жұмыс жүргізудеміз. Қиын жағдайға тап болған тоғыз отбасына қолдау көрсеттік. Бұл жұмыс одан әрі жалғаса береді» деді ол.

Ал, Аналар кеңесінің атынан сөз алған Балғаным Хасенқызы Еріктілер жылында Аналар кеңесі қайырымдылық игі істерге де ерекше назар аударатындықтарын айтты. Жаңадан сайланған «Алтын шаңырақтың» төрайымы Алевтина Воронцова және басқа да кеңес мүшелері отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі өз ойларын  ортаға салды. Аналар кеңесінің ұлағат мектебі болуы қажеттігі баса айтылды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз