Атырауда алғаш рет Каспий техникалық конференциясы және SPE көрмесі өтті
UTEBAYEV UNIVERSITY-де 26-28 қараша аралығында Мұнай-газ инженерлері қоғамының (SPE) жыл сайынғы Каспий техникалық конференциясы мен көрмесі өтті. Көрме қазақ мұнайының 125 жылдық мерейтойына арналып, 600-ден астам халықаралық энергетика саласының көшбасшыларын Қазақстанда біріктірді. Бұл іс-шара саладағы маңызды тақырыптарды талқылауға арналған сенімді платформа болып қала береді.
«Аймақтық артықшылықтарды жаһандық бәсекеге қабілеттілікке айналдыру» тақырыбында өткен конференция Каспий өңірінің бірегей ресурстарын тұрақты әлемдік көшбасшылыққа айналдыру стратегияларын зерттеуге арналды. Бірінші күні пленарлық сессиялар, беделді SPE марапаттарын табыстау рәсімі және Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуіне бейімделу мәселелеріне арналған пікірталастар өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов және ҚазМұнайГаз өкілі Руслан Балықбаев, UTEBAYEV UNIVERSITY басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова, SPE 2025 Президенті және KAPPA Engineering компаниясының негізін қалаушы және басқарушы директоры Оливье Узе қатысып, аймақтық ынтымақтастық пен технологиялық инновациялардың маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық конференцияның екінші күнінде «Энергетикалық қауіпсіздік пен ауысым: Каспий өңірінің стратегиялық императивтері» тақырыбында пленарлық сессия өтті. SOCAR компаниясының өкілі Арзу Жавадова тұрақты әрі экологиялық таза технологиялардың қажеттілігіне тоқталды. Іс-шара аясында Carbon Connect International және UTEBAYEV UNIVERSITY, Chapter Zero Kazakhstan арасындағы өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім климаттық мәселелерді шешу және білім беру бастамаларын қолдауды көздейді.
Бұл конференция жас мамандар мен студенттерге үлкен мүмкіндіктер ашты. SPE-2024 студенттер саммиті барысында Ресей мен Каспий өңірінің үздік 50 студенті өз саласының көшбасшыларымен танысуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Energy4me бағдарламасы аясында мектеп мұғалімдеріне арналған тегін семинарлар мен SPE мүшелеріне арналған тренингтер өтті.
Іс-шараға КазМунайГаз, Tengizchevroil, Chevron, ExxonMobil, TotalEnergies және басқа да жетекші энергетикалық компаниялар қолдау көрсетті. Конференция инновацияларды, тұрақты даму шешімдерін және аймақтық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетіп, Каспий өңірінің энергетикалық болашағын қалыптастыруға үлкен үлес қосты.
Айдарбек АҚАРЫС