
Атырауда алғаш рет эпидемиологтар күні аталып өтті
15 қыркүйек – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің кәсіби мерекесі. Атаулы күн Атырауда алғаш рет салтанатты түрде аталып өтті. Іс-шара барысында халық денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандары мен ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы маңызды рөлі ерекше аталды.

Ел деңгейінде биыл алғаш рет аталып отырған бұл кәсіби мереке Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Атырау облысы бойынша филиалы, сондай-ақ қалалық және аудандық басқармалардың бірлесуімен ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынды Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Бекешева мен «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Атырау облысы бойынша филиалының директоры Темірбек Мұсағалиев ашып, қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі мереке – жылдар бойы көзге көрінбей, бірақ ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға деген қоғамның ризашылығының белгісі. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет – жай ғана мамандық емес, ол – ел алдындағы үлкен жауапкершіліктің, адалдық пен кәсіби шеберліктің символы, – деді Ә.Бекешова.

Басқосу барысында сала ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, еңбегі сіңген қызметкерлерге құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Жас мамандар мен қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Жиын аясында департамент пен сараптама орталығының тарихи жолына шолу жасалып, эпидемиологиялық қызметтің өткені мен бүгіні, жетістіктері мен қиындықтары туралы мазмұнды баяндамалар оқылды.

Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ