Атырауда әлеуметтік осал отбасыларға азық-түлік пен тұрмыстық заттар таратылды (+ФОТО)
Atr.kz/20 наурыз, 2020 жыл. Елдегі төтенше жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалы да тұрғындардың мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар шараларды қолға алды. Партияның «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық!» жобалары аясында аймақтағы жалғыз басты қарияларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға, тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға қолдау көрсетілді.
Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу жолдап, жаһандық пандемияға ұласқан бұл сәтті еліміздің бірлескен жұмысының арқасында жеңе алатынымызды баса айтты. «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөздің мәнін айрықша атап, осынау сын сағатта ортақ істен ешкімнің де сырт қалмауға тиістігін жеткізді. Осы орайда нұротандықтар бір арнаға топтасып, тұрғындарды күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлармен, азық-түлікпен, медициналық маскалармен және антисептик құралдармен қамтамасыз ету жұмыстарына қызу кірісті.
«Бұл ретте жоғарыда аталған санаттар бойынша облыста 1140-қа жуық отбасының тізімі жасақталды. Оларды аталған тауарлармен қамту жұмысына әрбір аудандағы партия мүшелерімен қатар, «Jas Otan»-ның 150-ге жуық еріктісі де жұмылдырылды. Ендігі уақытта «Біз біргеміз!» акциясында қолға алынған қайырымдылық жұмыстарының ауқымын кеңейту көзделді» дейді «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Дана Жайлаубаева.
Оның айтуынша, аймақта алғашқы бір күннің ішінде 57 отбасына көмек көрсетілді. Акция кезінде тұрғындарға тұрмысқа қажетті құралдармен қатар, коронавирустың алдын алу жөніндегі маңызды ақпараттар жазылған парақшалар да таратылды. Сондай-ақ, бұл игі іске жұмылдырылған адамдардың денсаулығының қауіпсіздігіне де баса мән берілді. Яғни, акцияның ерекшелігі – алынған тауарлар тұрғындарға байланыссыз тарату жолымен үйлестірілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА