АУЫЛДЫҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

Облыс орталығына жақын орналасқан Атырау ауылдық округі – жылдан-жылға көркейіп, халық саны көбейіп келе жатқан аймақ. Қазір мұнда 7860 тұрғын бар. Сондықтан, ауылды барған сайын гүлдендіру, жұмыссыздар санын азайту, коммуналдық шаруашылық саласын өркендету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен мәнді демалысын дұрыс ұйымдастыру мәселелері өткір қойылуда.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау қаласы ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Сайлауды Атырау қалалық мәслихатының хатшысы Бекболат Қазыманов ашты. Мұнан әрі сөз алған Атырау қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Алмабек Абдолов қалалық мәслихаттың 20 депутатының 17-сі қатысып отырғанын, үшеуінің белгілі себептермен қатыса алмайтынын хабарлады. Сайлау жәшіктері тексеріліп, бекітілгеннен кейін сайлау бюллетені саналды.

Атырау ауылдық округі әкімі сайлауына үш кандидат тіркелгендіктен қалалық мәслихат депутаттары өз таңдауларын жасауға кірісіп кетті. Сайлау қорытындысымен көп дауыс жинаған Әділтұрақбай Құмаров Атырау ауылдық округі әкімі болып сайланды.

Балықшыөңірінің тумасы Әділтұрақбай Құмаров тоқсаныншы жылдары «Теңдік» кеңшарының бас инженері, Қайыршақты селолық округінің әкімі, Атырау қаласы әкімінің кеңесшісі секілді жауапты қызметтерді атқарған. Өмірлік тәжірибесі мол азаматтың жаңа жұмысына жаңа серпін, жаңа жетістік тілейміз.  

Л.СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз