
Атырауда әлеуметтік нысандардың жұмысы таныстырылды
Атырау қаласында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастардың денсаулығын сақтау және отбасын қолдау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатқан әлеуметтік және медициналық нысандардың қызметі таныстырылды.

Іс-шараға Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы ана, бала және қоғамдық денсаулықты қорғау бойынша басқарма басшысының орынбасары Э. Жанғазиева, Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Т. Байдошев, гендерлік мәселелер бойынша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Ф. Телеова, Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Л. Мендіғалиева, өңірлік комиссия хатшысы З. Жалмұрзина және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Е. Иванова қатысты.

Алдымен делегация тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін Дағдарыс орталығының жұмысымен танысты. Мұнда әйелдер мен балаларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі. Қатысушылар орталықтың қызметкерлерімен кездесіп, олардың пікірлерін тыңдады.
Келесі нысан – №7 емханадағы «Сенім» жастар денсаулық орталығы болды. Бұл жерде жастарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, жыныстық ағарту, отбасын жоспарлау және анонимді кеңес беру жұмыстары жүргізіледі. Орталық директоры Г. Танабаева мекеменің қызметін таныстырса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Э. Жанғазиева жастар денсаулығын қорғаудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, делегация Алмагүл ықшамауданындағы №4 үйде орналасқан Отбасын қолдау орталығының жұмысын көрді. Бұл мекеме отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ата-аналарға кеңес беруге және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Атырау қаласы әкімінің орынбасары М. Мұқасов орталық жұмысына оң баға беріп, қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
Сапар соңында делегация Геолог ықшамауданындағы «Самға жастар» денсаулық орталығына барды. Мұнда жастарға арналған білім беру, медициналық және психологиялық қызметтер көрсетіледі. Орталық директоры М. Өтегалиева жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап, жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды таныстырды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Иванова өңірдегі жұмыстарға оң баға берді:
– Отбасын қолдау орталықтары азаматтарға дер кезінде көмек көрсету үшін құрылған. Ең бастысы – отбасыларға дер кезінде қолдау көрсетіп, қайғылы жағдайдың алдын алу. Біз бірнеше нысанды аралап, нақты көмектің көрсетіліп жатқанын көзімізбен көрдік. Жастар денсаулығы орталықтары да маңызды рөл атқарып отыр, өйткені жасөспірімдер анонимді қызмет ала алады. Бұл олардың сенімін арттырады. Ерте жүктіліктің және ерте жыныстық қатынастардың алдын алу үшін ата-аналармен, балалармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Мұндай жұмыстар қоғам тұрақтылығы мен отбасының беріктігіне тікелей әсер етеді, – деді ол.

Іс-шара аясында өңірдегі әлеуметтік және медициналық мекемелердің қызметі қарастырылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастар денсаулығын сақтау мәселелері талқыланды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ