Атырауда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды (+ВИДЕО)
Атыраулық полицейлер қала тұрғындарына алаяқтық қылмыстың тағы бір түрі шыққанын ескертеді.
Атырау қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция қызметкерлері қала аумағында орналасқан сауда үйлері мен адамдар көп шоғырланатын жерлерде интернет-алаяқтық қылмысының алдын алу мақсатында, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысының тағы бір жаңа түрі шыққанын, оған алданбау керектігін де айтып өтті.
-Kaspi bank мобильді қосымшасының арам пиғылды қолданушылары басқа біреуге ақша аударғаны туралы жалған чекті санаулы секундта жасай алады. Алаяқтар жалған чекті сауда жасаған кезде сатушыға көрсетіп, алдап кетуі мүмкін. Оны жасау үшін Telegram боты арқылы операцияның орындалған уақытын, сомасын және жіберушінің аты-жөнін жазып жіберсе болғаны дейді,-№2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Қобылан Мамитан.