АТЫРАУДА АҚЫН ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ
— Бүгін егемен еліміздің қалыптасуына үлкен үлес қосқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш ашуға жиналып тұрмыз, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. -Апамыз – халқына адал қызмет еткен ерекше тұлға. Өзіне ғана тән мінезімен қайда да айналасын қамқорлап жүретін, үлкен үлгі көрсететін, бағыт сілтейтін мемлекеттік тұлға болды. Апамыз Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүрген кезінде Ана мен бала туралы Заң жобасын өз қолымен әзірлеп, оның авторы атанды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында апамызға арналған ескерткішті ашуымыз — елдігіміздің тағы бір көрінісі деп білеміз. Көріп тұрсыздар, апамыз Атырауға ескерткіш болып оралып, Ақ Жайығына қарап, туған жерінің төрінен орын алды.
Қоладан құйылған мүсінді аймақ басшысы мен Атырау қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Меллят Сабырова ашты.
Бұдан кейін жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев сөз алды.
– Күні кеше қазақ поэзиясына философияны алып келген Жұмекендей қазақтың ұлы ақынына ескерткіш қойылды. Атыраудың төрінде! Бүгін, міне, өзегіңді өртер отты өлеңдерімен халқын тербеген Фариза апай Атырауға келіп, Ақ Жайығына қарап, ел-жұртымен қайтадан жүздескендей болып тұр. Апай біреуге жақпаса мінімен емес, мінезімен жақпады. Мінез деген айналайын ғой. Қазірде мінезсіздер көбейіп кеткен заманда қоғамды жегі құрттай құртатын сол өз ойы, көзқарасы, мінезі жоқтар. Апай біздің есімізде ғажайып сол мінезімен, бір кесімді сөзіменен, азаматтық тұлғасымен қалды. Дүниеде талай елді аралаған болармыз. Анау аспанмен тірескен үйлеріне, керемет көліктеріне қарамайсың, сол қалада қандай ұлы тұлғалар өмір сүрді екен, кімдер тірлік кешті екен, кімге ескерткіш тұр екен деп, соларды тамашалайсың. Мына Атырау қаласы осы ізгі мәдени-рухани дәстүрді жалғастырып жатыр. Осы жерде екі ғажайып ескерткішті қоюға мұрындық болған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен орынбасары Шыңғыс Мұқанға мың сан рахмет айтамыз, — деген Рахымжан Қасым-ғалиұлы қаумалаған қалың жұртты еңселі ескерткіштің бой көтеруімен құттықтады.
Отбасы атынан Фариза Оңғарсынованың сіңілісі Алмагүл Оңғарсынова мен ұлы Айбар Оңғарсынов ақынды қадірлеп жатқан ел-жұрты мен облыс басшылығына шексіз алғыстарын білдірді.
Ал, Ф.Оңғарсынова атындағы І республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауының лауреаты Нәзира Әшім ақынның «Жақсылық туралы жыр» өлеңін оқыды.
Қала көркіне сән қосқан жаңа сәулет туындысының авторы Мұрат Мансұровтың айтуынша, мүсінді дайындау жұмыстары өткен жылдың күз айларында қолға алына бастаған. Алғашында 12 жобалық сызба дайындалып, құрамында кәсіби сәулетшілер мен мүсіншілер бар мемлекеттік комиссия осы жобаны таңдаған.
— Ең алдымен, ескерткішті орнататын орын белгіленді. Меніңше, бұл алаң ескерткішке дәл келіп тұр. Өйткені, алаң кең болғандықтан, қолына қағаз алып, өлең оқып тұрған Фариза Оңғарсынованың бар болмысы ашылып тұрғандай. Бұл суретке қарап, оның терең ойда, жаңа өлең шумақтарын шығарып тұрғанын байқау қиын емес. Ескерткіштің барлық жұмыстары Астана қаласындағы «ҚазАртСистем» комбинатында дайындалған, — дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рустамбеков.
Алаңды өлең оқылатын орынға айналдыру үшін тұғырды айналдырып Фариза апамыздың өлеңдерінің бірнеше шумағы қашап жазылған.
Соның бірі:
«Тірлік заңы мықты да,
Бірақ, мұны жаны барлар ұқты ма,
Соның бәрін уақыт-жемқор жұтты да,
Куәсі боп қалдым мен.
Талай ғасыр жасай берем әлі де,
Ей адамдар!
Бармын мен!..»
Иә, өзі айтқандай, Атырауына ескерткіш болып оралған ақын есімі әлі де талай ғасыр жасай беретіні сөзсіз.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.