Атырауда академик Салық Зиманов атына мектеп беріліп, ескерткіш тұрғызылады
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлайды Atr.kz
Сонымен бірге, Атырауда заң ғылымдарының атасы Салық Зиманұлы туралы деректі фильм түсіріледі.
«Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастырушы, Мемлекеттік сыйлықтың және Президенттің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері, Академик Салық Зимановтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің бастамасымен биыл бір көше мен мектепке аты беріліп, көрнекті ескерткіші бой көтереді» деп жазды Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова «Фейсбук» желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетелік, мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, академик Залық Зимановтың туғанына 100 жыл.
«Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияның, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның, алғашқы Ата Заңымыздың жазылуына атсалысқан Салық Зимановтың 100 жылдық датасы Атырау облысы әкімдігінің ұсынысымен Мәдениет және спорт министрлігінің 2019 — 2021 жылдарға арналған мерейтойлық және естелік күндер тізбесіне енгізілді.
Салық Зиманұлы Зиманов — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты.