Жаңалықтар

Атырауда айналма жол салынып жатыр

Атырауда алғаш рет айналма жолдың құрылысы басталды. Бұл туралы жол құрылысының сапасын тексеруге кіріскен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының өкілдері хабарлады.

Халықаралық дәлізде орналасқан Атырау үшін айналма жол ауадай қажет. Оның жоқтығынан көршілес Ресей арқылы келетін ауыр жүк көліктері өзге облыстарға қатынау үшін қала ішін кесіп өтетін. Салдары айтпаса да түсінікті. Қалаішілік жолдардың сапасын бұзады, онсыз да тар көшеде көлік кептелісін туғызады. Енді жаңадан салынып жатқан «Солтүстік айналма жол» осындай біраз мәселенің түйінін шешеді.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, қазір бұл айналма жолдың топырақ қабатын төсеу жұмыстары басталған.

«Атырау-Орал» республикалық  тас жолының 10-шы шақырымын және «Атырау-Индер» облыстық жолының 9-шы шақырымын кесіп өтіп, Соколок каналының жанынан шығатын айналма жолдың ұзындығы  – 26 шақырым. Екі жолмен қиылысатын болғандықтан 2 жол айрық және Жайық өзенінің үстінен 1 көпір салынады. Қазір филиал мамандары топырақ қабатынан сынама алды, зертханада тексеріледі»- дейді Н. Жантурин.

1 жолақты екінші категориялы жолға тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» компаниясы. Мердігер мекеме «Азвирт» СП және «Ақжол Құрылыс» ЖШС. 

«Солтүстік айналма жол» құрылысы 2024 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Бұл жол Ресей федерациясынан еліміздің басқа аймақтарына баратын жолаушылардың Атырау қаласына кірмей, айналып жүруіне мүмкіндік береді.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button