Атырауда Айт намазы оқылды
Atr.kz/ 11 тамыз, 2019 жыл. Күллі мұсылман қауымы әлеміндегі ұлық мерекенің бірі — қасиетті Құрбан айттың құрметіне «Атыраудың барлық мешіттерінде бүгін жергілікті уақыт 7.00-де Айт намазы оқылды» деп хабарлайды орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.
Құлшылық етуге келген халықтың көптігі соншалық, орталық «Иманғали» мешітінің ішкі залдары мен ауласында ине шаншар орын қалмады. «Айт намазын ашық аспан астында оқығандар көп.
Жиналған жамағатты орталық «Иманғали» мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат Мұстафаев құттықтап, қасиетті Құрбан айт туралы уағыз айтылды. Кейін ұстаз Мұрат Мұстафаев Айт намазын жүргізді. Намаздан кейін Айт хұтпасы оқылып, мешіт жамағаты Жаратушы Алладан еліміз бен жерімізге амандық, тыныштық тілеп, дұға жасады.
Қасиетті мереке құрметіне қазіргі уақытта бас мешітте ұлттық спорттық ойындардан сайыс жүруде. Сонымен қатар, бүгін Атыраудың бас мешітінде мұқтаж отбасыларға құрбан малдың еті таратылады.
Еске сала кетелік, «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы Айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін білдіреді. Демек, Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.
«Atr — Ақпарат»