Жарнама
Жаңалықтар

«АТЫРАУДА АГРОӨНДІРІСКЕ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН»

 

Алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына қысқаша шолу жасады. Соңғы жылдары жүзеге асқан инвестициялық жобалармен таныстырды. Тек өткен жылдың өзінде облыста «Атырау» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясының қолдауымен, жалпы құны 7,43 млрд. теңгені құрайтын тоғыз жоба қаржыландырылса, соның ішінде 3,154 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бейнебаян түріндегі таныстырылымнан кейін Мемлекет басшысы шаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездесті.

Еліміздегі халықтың тең жартысына жуығы ауылдық жерде тұрады. Сол себепті біз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлуге тиіспіз. Қазақстаннан басқа еш жерде мемлекет тарапынан аграрлық секторды дамытуға осыншалықты көп қаражат бөлінбейді. Әрине, мұндай қолдаудың қайтарымы да жоқ емес. Тек кейінгі екі жылда елімізде ауыл шаруашылығындағы өнім өндіру көлемі екі есеге көбейді. Бұл үрдісте сіздердің де қомақты үлестеріңіздің барлығы кәміл. Атап айтсам, Атырау облысында да осы саланы одан әрі өрістетудің мүмкіндігі мол. Және де ол үшін барлық жағдай туғызылып отыр. Бұған дейін де атқарылған іс аз емес, алдағысы одан да гөрі ауқымды, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Келесі кезекте, аймақтағы аграршылар атынан сөз алған Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы Сабыржан Сұлтанов, Махамбет ауданындағы «Феликс» шаруа қожалығының жетекшісі Енисей Юн, Атырау қаласындағы «Амангелді» өндірістік кооперативінің басшысы Мұрат Әмірғалиев және т.б. ел экономикасының негізгі және жетекші салаларының бірі ретінде агроөнеркәсіпті кешенді дамытуға ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасап отырған Елбасына ризашылықтарын білдірді. Ұсыныс-пікірлерімен, көкейде жүрген ойларымен бөлісті.

Содан соң Президент шаруашылық базасында ұйымдастырылған ауыл  шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады.  

Көрмеде алдымен назар аударылғаны осындағы 500 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малына арналған кешеннің өнімдері болды. Қазіргі уақытта мұнда тәулігіне сегіз тоннаға дейін сүт сауылады. Жылдық өндірістік қуаттылығы 1440 тоннаны құраса, 2880 тонна шамасында сүт өнімдері (оннан астам түрі) дайындалып, шығарылады. Бұдан бөлек, шаруашылықта тәулігіне 10 тоннаға дейін балғын күйіндегі көк балауса шөп дайындап шығаратын гидропоника қондырғысы жұмыс жасайды.

Осы Махамбет ауданындағы Сарайшық селосында ешкі түлігін өсірумен шұғылданатын шаруашылықтың жұмыс жасай бастағанына да көп бола қойған жоқ. Десек те, аталған заманауи кешеннің де алғашқы жетістіктері жаман емес. Мұнда пайдалы, дертке дәру, емге шипа, ең бастысы, сәбилер үшін ана сүтін алмастыра алатындай қасиеті бар дәрумен дайындалып, жиырмаға жуық өнім түрі шығарылады. Келешекте фермада күтімге алынған ешкі тұқымының санын қазіргі 600-ден 1000 басқа дейін көбейту көзделген.

Индер ауданының Көктоғай селосындағы «Алға-1» шаруа қожалығының құрылғанына аса көп мезгіл бола қоймаған. Десек те, жетістіктері қуантарлықтай. Негізінен, қымыз өндірісін жолға қоюды мақсат тұтқан шаруашылықта күні бүгінде 140-тың үстінде сиыр, 50-ден астам түйе түлігі бағылады. Жылына өндірілетін өнім көлемі 400 тоннаны құраса, 21 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сол сияқты, Жылыой ауданындағы «Атырау-Сауда» ЖШС-нің құрамындағы құс фермасы да өткен жылы іске қосылған. Соған қарамастан оның да өз тиімділігін көрсетер табысты жоба болатын түрі байқалады. Толық қуатына енгенде жылына 21 млн. данаға дейін тауық жұмыртқасын өндіру мүмкіндігі бар шаруашылықта бұдан былай құс етін өндіру бағытын да ұстануға бел буған. Өндірісте жұмыс жасайтын адам саны да жеткілікті, жалақысы да айтарлықтай жоғары.

Бұлардан басқа, Атырау қаласы аумағындағы Бесікті ауылында орналасқан «Қарағаев» шаруа қожалығы, балық шаруашылығын кәсіп қылған «Амангелді» (Дамбы селолық округі), Құрманғазы ауданындағы «Каспий-Балық» өндірістік кооперативтері, Махамбет ауданындағы «Феликс», «Дастан» шаруа қожалықтары мен «Агрохолдинг зеленое поле» ЖШС сынды шаруашылық құрылымдарының мал мен егін шаруашылығындағы жетістіктері баршылық. Мұның бәрі де көрмеде көрініс тапқан.

Санаулы уақыттың ішінде осылармен толық танысып шыққан Мемлекет басшысы елдің игілігіне жараған іске ризашылығын білдіріп, бүгінгі меже мүмкіндіктің соңы еместігін ескертті. Жалпы алғанда, аймақтағы агросектордың бүгінгі ахуалын оң бағалады.

Елбасының келесі аялдағаны – Атырау қаласының Нұрсая мөлтекауданында орналасқан «Мирас» балабақшасы еді. Тұсауы үстіміздегі жылы ғана кесілген, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражатына салынған мектепке дейінгі балалар мекемесінде 16 топта 350 балдырған тәрбиеленеді, 110 адам жұмыспен қамтылған. Айта кетерлік бір жайт, осында тәрбиеленуші екі-алты  жас аралығындағы бүлдіршіндерге «Монтессори» бағдарламасына сәйкес және Халықаралық бакалавриат бастауыш мектебінің ықпалдасқан жүйесі бойынша дәріс беріледі.

Сонымен қатар, мұндағы музыка, спорт, би залдары, ойын алаңдары, кітапхана мен Қазақ мәдениеті орталығы балалардың жан-жақты тәрбиеленіп, дамуына септеседі. Олардың бейімділігіне қарай қолданбалы өнермен шұғылданып, мемлекеттік тілмен бірге орыс және ағылшын тілдерін үйренуіне мүмкіндіктер туғызылған.

Балабақшаның тыныс-тіршілігімен егжей-тегжейлі танысқан Елбасы осындағы ең кішкентай балалар тәрбиеленетін «Ботақан» тобында болып, олардың өнерін тамашалады. Болашақта елімізде осындай ерекше үлгідегі мекемелер қатарының көбейе түсуіне тілектес екендігін айтты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button