Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда 82 түрлі ағаш өсірілуде

«Атырау қаласын көгалдандыру» жобасы аясында қазір 82 түрлі ағаш пен бұта өсіріліп жатыр. Сондай-ақ 12,5 мың текше метр болатын гүлзарларға гүл егілген. 45 шақырымнан астам су құбыры қалыпқа келтіріліп, тамшылатып суару әдісі де жолға қойылған, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Атырау қаласын көгалдандыру» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында қала аумағына жыл сайын 5154 ағаш егіледі. Оның ішінде 2000 дана жеміс ағашы бар. «Жеңіс» саябағында – 1000, «Тұрғындар қалашығы» саябағында – 500, «Балықшы» саябағында 500 дана жеміс ағашы отырғызылған.

Мердігер мекеменің мәліметінше, бұған дейін еккен ағаштың барлығы өсіп шыққан. 2019 жылы 39 865 дана терек қалыпқа келтіріліп, қазір ағаштардың көлемі 68 298 данаға дейін өскен. Өсім көлемі осыған дейін 28 433 дана ағашты құрайды.

– Біз бұл жобаға кіріскен уақытта 27 су тасу көлігімен жұмыс істедік. Тамшылатып суару әдісін пайдаланып, желі ұзындығын 300 шақырымға дейін жеткіздік. Суару жұмыстары әдетте кешкі уақытта жүргізіледі. Қазірдің өзінде қаладағы бақтар, гүлзарлар мен көгалдар тамшылатып суару жүйесімен 85 пайызға қамтылған. Алдағы уақытта толық көшуге жұмыстанып отырмыз. 12 сорғы станциясы, 10 резервуар қалпына келтірілді және толық жұмыс істейді. Көгалдандыру жұмыстарына 144 адам жұмылдырылған. Осы жылы «Ретро парк» саябағын қайта абаттандыруды жоспарлап отырмыз, — деді «Атырау қаласын көгалдандыру» жобасының жетекшісі Леонид Задерный.

Ағаштарды дезинфекциялау жөніндегі бас маманы Асылан Тауасардың айтуынша, қаладағы теректерді дезинфекциялау жұмыстары қарқынды жүруде.

–Қала бойынша 43 гектар аумағындағы теректерді дезинфекциялау жұмыстарымен айналысып отырмыз. Бұл жұмысқа 23 жұмысшы, 10 техника және 10 түрлі жабдық жұмылдырылған. Көбіне зиянкестер қаратал ағашына құмар. Сондықтан үнемі осы ағашты зиянкестерден тазартамыз, — деді А.Тауасар.

Айта кету керек, Атырау қаласындағы теректер орта есеппен жыл сайын 2,75 млн. тонна шаң-тозаңды өзіне сіңіріп алады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button