Атырауда 7257 шетелдік көлік иесі мемлекеттік нөмір алды
Игі науқан басталғалы біраз уақыт өтті. Десе де, шетелдік тұлпарларына қазақ нөмір тағуға асықпайтын ағайынның қарасы әлі аз болмай тұр. Олай деуімізге себеп, облыс орталығындағы жүйткіген өзге нөмірлі көліктерді жиі байқаймыз. Әліптің артын бағып, «Соңы сиырқұйымшақтанып, заңдастыру құны түсер ме екен» деген пиғылдан да болуы мүмкін-ау.
Науқан басталғалы облыстағы 7257 шетелдік автокөлік заңдастырылып үлгеріпті. Тарқатар болсақ, Ресейден келген 2975 автокөлік, Армениядан «қуылған» – 4245, беларустық – 1, қырғыз елінен келген – 28, Грузиядан жеткізілген 6 темір тұлпар, сонау Дубайдан «ат арытып» жеткен 1 көлік легализациядан өткен екен. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы Процессингтік орталығының бастығы, полиция майоры Жеңіс Дәулетов егжей-тегжейлі айтып берді.
– Өткен жылғы 1 қыркүйекке дейін елге жеткізілген және мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автомобильдерді біржолғы жария етуді өткізу туралы заңнамаға сәйкес «ҚР аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды, сондай-ақ көлік құралдарының санаттарын өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінен босату шарттары мен мерзімдерін, қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 9 қыркүйектегі қаулы қабылдады. Ережелер тек M1, M1, M2, M2, N1, N1G санаттарындағы көлік құралдарына қатысты қолданылады. Бұл ретте максималды рұқсат етілген салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк автомобильдері ережелер қолданысына жатпайды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта азаматтардан ережеге толық салмағы 3,5 тоннадан асатын ауыр жүк автомобильдерін зандастыруға жол беру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы өтініш келіп түсуде, — дейді жұртшылықпен жаңалығын бөлісуге асыққан Жеңіс Бақтыгерейұлы.
Айтпақшы, майор мырзадан білгеніміздей, алыстан «ат» жетектеп жатқандар әлі де бар көрінеді. Қалай десек те, темір тұлпарды тізгіндеушілердің талғамы шетелдік маркаларға ауып тұрған секілді. Елімізде көлік жасау ісі оңбай, жағдай солай бола бермек. Сандармен жұмыс жасауға жүйрік болмасақ та, шама-шарқымызша есептеп көргенбіз. Мәселен, бір жылдың ішінде кем дегенде 50 мың көлік сатып әкелінді делік. Оның біреуі орта есеппен 5 мың доллар дегенде, қаншама қаржының сыртқа шығып жатқанын бағамдай беріңіз. Бұған қоса жол шығыны, қонақүйлер, ұшақ билеті секілді шығындарды қосыңыз…
Иә, біздің жағдай осындай. Заңдастыру барысында заңсыз жолмен әкелінген 7 автокөлік анықталып, олар қалалық полиция басқармасына жолданған көрінеді. Білуімізше, елге қосалқы бөлшек ретінде жеткізілген көліктер анықталыпты-мыс. Кедендік тазартудан өтпеген. Қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілмеген. «Конструктор» деп танылған автокөліктерді заңдастыру кезінде тіркеуге алынбайтындығы бұрын айтылған еді. Неге десеңіз, аталған көліктердің ешқандай құжаты жоқ. Бұл техникалар әу баста шекара арқылы Қазақстанға заңсыз кіргізілген. Дегенмен, мемлекет оларды да заңдастырудың мүмкіндігін қарастырып жатыр. Процессингтік орталық бастығы Жеңіс Дәулетовтің айтуынша, кейбір тұрғындарға көлігінің ел аумағына кірген мерзімі науқан заңдылығына сәйкес еместігі жөнінде хабарлама келіп жатыр екен. Мұндай жағдайда аталған темір тұлпарлардың иелері ҰҚК Шекара қызметіне барып, көліктің Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінгенін дәлелдейтін рәсімдеу құжаттарын 210 кабинетке алып келулері керек. Содан кейін ғана кері өтініш беріп, мемлекеттік нөмірлерін ала алады.
Сары уайымға салдырған сары нөмірлі 1600 темір тұлпар қазақыланыпты. Олардың қожаларыegov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктер арқылы өтініш қалдырып, сенімхат арқылы заңдастыра алады. Ал, қаражаты болмаған жағдайда сары нөмірмен де ел аумағында емін-еркін жүре алады екен. Өйткені, оларға шектеу жоғын білдік. Көлік мәселесі халық үшін өзекті. Оған қатысты әрбір жаңалық қоғамда қызу талқыланады. Өйтпегенде ше, көлік іздеген қазақ еріккеннен шекара асып кеткен жоқ. Қала қала ғой, аудан, ауылдық жерде де өзге нөмірлі көлікті тізгіндегендердің қарасы көп. Байқасақ, мұхит асып келетін шетелдік машиналардың нөпірі басым секілді. Бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры елімізде жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеу ісі жүре бастады. Бастысы, сең қозғалды. Қалғаны шетелдік шыттай көлік тізгіндегендердің өз қолында. Не болса да, жаңашылдық жүйелі жүзеге асатынына сенім мол.
Рита ӨТЕУҒАЛИ