Атырауда 7 қылмысқа қатысы бар 3 күдікті ұсталды
Атыраулық полицейлер кәсіпкерге 5 млн теңгеге жуық шығын келтірген кәсіпқой ұрыларды ұстады.
Біз бұл туралы облыстық полиция департаментінің өкілі Мейірім Ердәулеттен білдік. 19 қаңтар күні №1 қалалық полиция бөліміне қала аумағында орналасқан өндірістік қоймалардың біріне заңсыз кірген белгісіз адамдар бағалы техникалық құрылғыларды ұрлап кеткені жөнінде арыз келіп түскен. Сол бойынша аталған бөлімнің кримминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ұрлыққа қатысы бар 1985, 1986 және 1988 жылы туған күдіктілерді ұстады.
Тексеру кезінде аталған азаматтардың дәл осындай 7 қылмысқа қатысы бар болып шықты.
Олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы ірі мөлшерде, бірнеше рет өндірістік қоймаға ұрлыққа түсіп, жәбірленушіге жалпы соммасы 4 млн 540 мың теңге залал келтірген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен (ұрлық) қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ