«Атырауда – 6-8 мың «бөтен» көлік бар»
Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Соңғы кездері мұнайлы өлкеде саңырауқұлақтай қаптап кеткен шетелдік көліктердің қатысуымен б о л а т ы н ж о л — к ө л і к о қ и ғ а л а р ы к ө б е й д і . Мұндай көліктер біздің елде тіркелмегендіктен, жол ережесін бұзғандарды іздеп, жауапкершілікке шақыру да қиындау болып тұр.
Тіпті, кейбірі оқиға орнында «темір тұлпарларын» қалдырып, жүргізушілерінің қашып кету деректері жиілеп кетті. Бұл туралы толығырақ облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мырзалы ӨТЕҒАЛИҰЛЫ айтып берді.
– Мырзалы Өтеғалиұлы, өткен жылы шет мемлекеттерден әкелінген көліктердің қатысуымен қанша құқықбұзушылық фактілері тіркелді?
– Былтыр 35 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу деректері анықталды. Оның ішінде, 13 500 жол қозғалысы ережесін бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 21506 құқықбұзушылық дерегі Атырау қаласында орналасқан автоматты сертификатталған құралдардың көмегімен анықталып отыр.
Мұның ішінде, Ресей Федерациясынан келген көліктер – 15 072, Армениядан – 5893, Беларусь елінен – 2, Қырғызстаннан – 539. Сонымен қатар, былтыр шетелдік автокөліктерге қатысты 46 жол-көлік оқиғасы болған. Одан 12 адам қаза тауып, 61-і дене жарақаттарын алған. Тек армениялық автокөлік иелерінің жол қозғалысы ережесін бұзуының салдарынан 11 жол апаты болып, 5 адамның өмірі қиылды.
– Шетелдік көліктер «көлеңкелі экономиканың» өршуіне сеп болды. Елімізде бір адамның 70 автокөлік әкелгені анықталды. Бізде осындай деректер бар ма?
– Қазір біз анықтау жұмыстарын жүргізіп, тізімін алып жатырмыз. Десек те, бұқаралық ақпарат құралдарынан білгенім, Атырау облысында бір адам – 40, енді бірі 43 автокөлік әкелген екен. Жалпы, статистикалық мәліметке сәйкес, облыс көлемінде Армения мен Ресей елінен 6 мыңнан 8 мыңға дейінгі аралықта көлік кіргізілген.
– Уақытша тіркеуден өтпеген көлік иелері жауапкершілікке тартыла ма?
– Жалпы, заңдылықтың басты мақсаты – көліктердің санын анықтау, білу. Өйткені, соңғы кезде шетелдік көліктердің жол-көлік оқиғасының орнынан кетіп қалу фактісі көбейді. Яғни, олардың санын анықтау құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін қажет. Егер құқық бұзушы жауапкершілікті сезінбесе, жалғастыра береді. Оның үстіне, осы анықталған құқықбұзушылықтар салынған айыппұлдың 30 пайызы ғана өндіріліп отыр. Ал, қазақстандық автокөлік иелерінен өндіру 90 пайызды құрайды. Оқиға орнынан жалтарып кеткеннен кейін жүргізушіні жауапкершілікке тарту қиынырақ болып тұр. Өйткені, тәртіп бойынша уақытында хаттама тапсырылмай, екі айға дейін анықталмаса, материал қысқарып кетуі мүмкін. Соның салдарынан өндіру пайызы да төмендеп кетеді. Салық та түспейді. Ескі көліктердің ауаға да зияны шашетектен. Қолданыстағы заңдылық ешкімді де жауапкершіліктен құтқармайды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 2-тармағына сәйкес, тіркеуден өтпеген шетелдік көлік жүргізушілеріне он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Айбөпе САБЫРОВА