БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ – ЗАҢДЫЛЫҚТЫ САҚТАУ

Халықтың құқығын қорғау, заңсыздықтарға жол бермеу – прокуратураға жүктелген басты міндеттер. Осыған орай жергілікті жерде кешенді шаралар алынып жатыр, алдағы атқарар іс одан да көп. Біздің Атырау қаласының прокуроры Руфат ҚҰТТЫҚОВПЕН әңгімемізге негізінен осы жайлар арқау болды.

– Күні кеше Елбасы Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Бұл тұрғыда прокуратура органдарына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, – деп бастады әңгімесін қала прокуроры Руфат Құттықов. Бұдан соң сұхбаттасушымыз заңдылықты сақтау бағытындағы іс-шараларға кеңірек тоқталды. Ал, біз алғашқы сауалымызды қалалық прокуратураның жұртшылықпен байланысы турасында қойған едік.

– Сіз қызметіңізде халықпен жиі кездесесіз. Бұл басқосуларда қандай мәселелер жиі көтеріледі? Тұрғындар көбінде неге шағымданады?

– Өзіңізбен кездесердің алдында қалалық прокуратурада тұрғындарды қабылдау өткіздім. Шындығында, бұл біздің күнделікті атқаратын жұмысымыздың біріне айналды десем болады. Келушілерге шектеу қоймай, оларды жұмыстың қай уақытында да қабылдай беремін. Ұсыныс-пікір, мұң-мұқтажын ықыласпен тыңдап, мүмкіндігінше көмектесуге ұмтыламын. Дегенмен, бұдан «прокуратура барлық мәселені шеше алады» деген ой тумаса керек. Біз жұртшылыққа заңның аясында ғана көмек көрсетеміз. Заңдық кеңес беріп, оның шешу жолдарын ұсынамыз.

Осы орайда айтайын, жыл басынан бері қабылдаулардан өзге, селолық округтерде орналасқан әкімдіктерде халықпен 28 кездесу өткіздім. Мұнда тұрғындардан негізінен жер мәселесі, тұрғын үй қатынастарына қатысты сұрақтар жиі қойылады. Қала прокуратурасына жолданған арыздар бойынша тиісті шешімдер алынып, азаматтардың құқықтары қорғалуда. Жалпы айтқанда, бізде биыл  2739 арыз-шағым қаралып, тексерудің нәтижесінде соның 361-і қанағаттандырылды.

– Бүгінде кәсіпорын-мекемелерде кешіктірілген жалақы, өтелмеген өтемақы, жұмыстан заңсыз шығару мәселелері жиі кездеседі. Бұл заңсыздықтардың алдын алуға, жоюға жергілікті прокуратура қаншалықты араласып отыр?

– Осы мақсатта жуырда Атырау қалалық прокуратурасында үлкен жиын өтті. Мұнда жұмыс берушілердің еліміздің еңбек заңнамаларын орындауы, соған байланысты туындаған мәселелер талқыланды. Жасыратыны жоқ, күнделікті өмірде жұмыс берушілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауының салдарынан еңбеккерлердің құқықтары жиі бұзылып жатады. Мәселен, «Датоба Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 129 жұмысшының қыркүйек, қазан айларының еңбекақысы үшін 10 млн. теңге, жұмыстан босатылған 69 адамның 10 млн. теңге түпкілікті есеп айырысу бережақтарын өтемеген болатын. Сол бойынша қалалық прокуратура кешенді жұмыстар жүргізіп, серіктестікке тиісті ұйғарым берді, яғни заңды талап қойылды. Соның нәтижесінде жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақылары толық көлемде өндіріліп отыр.

Қалалық прокуратура биылғы жылы жұмысшылардың еңбекақыларын кешіктірген жеті жұмыс беруші мекеме басшысына ұйғарым берді. Еңбеккерлердің 83,5 млн. теңге еңбекақысы өндіріліп, 761 адамның конституциялық құқығы қорғалды. Осындай заңсыздыққа жол берген құрылым басшылары жазасыз қалмайды. Жеке және заңды тұлғалардың 97 тәртіптік және 21 әкімшілік жауапкершілікке тартылуы – соның айғағы. Жұмысшы-қызметкерлерінің заңды талабын орындамаған, конституциялық құқығын бұзған басшылар қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылатынына тоқтала кетсем деймін. Жалпылай айтқанда, қазіргі күні Атырау қаласы бойынша еңбеккерлеріне жалақы бойынша бережақ құрылым жоқ деуге болады. Дегенмен, біз бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, үнемі қадағалауда ұстаудамыз.

– Қазіргі қаржылық ахуалға байланысты жергілікті кәсіпорын-мекемелерде, әсіресе мұнай-газ саласындағы құрылымдарда көптеген қысқартулар болатындығы айтылып жүр. Ол қаншалықты рас? Соған байланысты қандай пікір білдірер едіңіз?

–  Бұл мәселеге байланысты бізде ақпарат тапшы. Дегенмен, 31 кәсіпорын-мекеме бойынша 805 адам қысқартылады деген болжам бар. Сол бойынша жергілікті әкімшілік мәселені жіті қарап, тиісті жұмыстарды жүргізуде. Алайда, мұны қысқарту деп бағалаған жөн болмас. Өйткені, облыстағы ауқымды жобаларда жұмыс жасап жатқан құрылымдар келісім-шарттарында көрсетілген мерзімдерінде жұмыстарын аяқтай келді. Соған байланысты осындай жағдайлар туындап отыр. 

– Атырау қаласындағы қылмыстық ахуал қаншалықты қалыпты? Өткен жылдармен салыстырғанда қылмыстардың саны (ауыр, орташа, тағы басқа) артты ма немесе кеміді ме?

– Өткен 11 айдың көрсеткіші бойынша қала бойынша қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 46,3 пайызға өсіп отыр. Әйткенмен, бұдан «қоғамда келеңсіз жағдай күрт көбейіп кетті» деген ой тумаса керек. Өзіңізге белгілі, биыл жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодекс және Қылмыстық кодекс қабылданып, қолданысқа енді. Бұрын тергеу алды тексеру жүргізілсе, қазір ол жұмыс жүргізілмейді. Бүгінде түскен қандай арыз да тіркеледі. Әкімшілік кодекстен 98 баптың қылмыстық жауапкершілікке көшірілуі де осы жағдайға себепші. Тағы бір айта кетерлігі, 2015 жылдың  11 айында жеті қылмыстық құқықбұзушылықты есептен жасыру дерегі анықталды.

– «Атырау» газетінің бетінде Атырау қаласының көшелеріндегі жарымжан жарнама, мүгедек маңдайшалар туралы жиі жазылып жүр. Соған қатысты прокуратура органдарының тарапынан алынып жатқан шара бар ма?

– Дұрыс айтасыз, өкінішке орай, мұндай жағдайлар аз кездеспейді. Ол прокуратураның назарынан да тыс қалмақ емес. Соның мысалындай, мәселен «Тіл туралы» заңның сақталуына тексеру жүргізіліп, оның барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, қала аумағында маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, басқа да көрнекі ақпараттарды орналастыру кезінде заңның 21-бабының талаптары сақталмаған. Яғни, мемлекеттік тілді құрметтеуге мән берілмеген. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша қала прокуратурасы прокурорлық ықпал ету актілерін енгізіп, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жауапты тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сөз соңында, 6 желтоқсан – Прокуратура күнімен заңдылықтың сақталуын қадағалау саласында еңбек етіп жүрген әріптестерімді, ардагерлерді шын жүректен құттықтаймын.

Сұхбаттасқан:

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Өмір-дерек

Руфат ҚҰТТЫҚОВ – Атырау қаласының прокуроры. 1978 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Бетқайнар ауылында туған. Жоғары білімді. Алғашқы еңбек жолын 2010 жылы Ақтөбе облысының Әйтеке би аудандық прокуратурасында прокурордың көмекшісі болып бастаған. Аталған облыстың прокуратурасында екі басқарманың бастығы, табиғат қорғау прокуроры, сондай-ақ, Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданының прокуроры болған. ҚР Бас Прокурорының бұйрығымен биылғы жылдың наурыз айында Атырау қаласының прокуроры болып тағайындалды. Отбасылы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз