Атырауда 43 тұрғын үй кешенің құрылысы жүріп жатыр

38852cbc e0f6 42d6 84c8 d491eda058c4 Жаңалықтар

Қазіргі таңда Атырау қаласының аумағында 43 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Атырау қаласында 27 тұрғын үй кешенін салу жоспарланғаны белгілі болды.

Бүгінде олардың қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісілген эскиздік жобасы бар. Әзірге басқармаға тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталғандығы туралы хабарлама түспеген.

– «Нұрсая Плаза» тұрғын үй кешені жаңа инвестордың күшімен және облыс әкімдігінің қолдауымен салынып, пайдалануға берілгендігіне ерекше тоқталған жөн. Бұл тұрғын үй кешені 3 блоктан тұрады, үлескер саны 180 адамды құрайды. Тұрғын үй кешенінің құрылысы 2018 жылы басталып, 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Алайда 2019 жылдың ортасынан бастап құрылыс қарқыны біраз бәсеңдеп, кейін толықтай тоқтап қалды. Пандемия басталғалы бері үлескерлер мемлекеттік органдарға бірнеше рет шағымданып, «Нұрсая Плаза» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауды талап етіп, митингтер де өткізді, – деді Ерлан Қабдинов.

Осылайша, тұрғындар тегеурінді талап қойып, мақсаттарына қол жеткізген. Басқарма басшысының сөзінше, адал және «күмәнді» құрылыс салушыларды бақылау бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Сондай – ақ , құрылыс салушылар туралы ақпарат облыс және қала әкімдіктерінің ресми интернет ресурстарында және республикалық интернет-ресурстарда тұрақты жарияланады.

– Қоғамда резонанс тудырған тұрғын үй құрылыс кооперативтеріне қатысты халықтан сұрақтар жиі түседі. Әсіресе, қала және облыс әкімдіктеріне құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешендері туралы ақпарат алу үшін жиі хабарласады. Облыс тұрғындары салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын, құрылыс салушыдан рұқсат беретін құжаттарының толық жиынтығын сұраулары қажет. Осы жағдайда ғана үлескерлердің тұрғын үй кешендерінің құрылысына қосқан барлық салымдары сақтандырылады. Тіпті, құрылыс салушы банкротқа ұшыраса да, сақтандырылған ақша тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға жұмсалады, – деді Ерлан Қабдинов.

Басқарма басшысынан білгеніміздей, бүгінгі таңда «Жібек жолы» және «Ақмаржан» тұрғын үй кешені бойынша үлескерлер мен құрылтайшылар арасында сот ісі (процесс) жүріп жатыр екен. Сондықтан үлескерлер жаңа инвесторлармен келіссөз жүргізуде. Сонымен қатар, үлескерлердің арызы негізінде «Байсанат» тұрғын үй құрылыс кооперативінің құрылтайшысымен «Сарайшық» тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз