
Атырауда 300-ге жуық кәсіпкерге қайтарымсыз грант беріледі
Атырау облысында әлеуметтік осал топ өкілдерінің кәсібін қолдау мақсатында 291 азаматқа қайтарымсыз грант беріледі. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева мәлімдеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Грантқа өтінім қабылдау 21 мамырдан бастап Business.enbek.kz порталы арқылы онлайн форматта жүзеге асырылады.
– Қайтарымсыз грант еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтарға, «Қандас» мәртебесі бар тұлғаларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, көпбалалы отбасылардың мүшелеріне, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, асыраушысынан айырылған азаматтарға және өңіраралық қоныс аударушыларға беріледі. Бұл – әлеуметтік осал топтардың табыс табуына және кәсіпкерлікке бейімделуіне жасалған нақты қолдау, – деді Г. Аманғалиева.
Грант мөлшері – 400 АЕК, яғни, 1 572 800 теңге. Бұл сомаға үміткерлер жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыра алады.
Үміткерлер порталға тіркеліп, грант шарттарына сәйкестігін тексереді. Арнайы бизнес-жоба үлгісін жүктеп, толтырғаннан кейін өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.
Интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін мансап орталықтары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беруге жағдай жасалған.
Айта кетейік, былтыр Атырау облысында 240 азамат қайтарымсыз грант алып, ауыл шаруашылығы саласы, балабақша, шағын орталық және кино залын ашу сынды жобаларын жүзеге асырған.
Сурет: Ашық дереккөз