
Атырауда 22 медициналық жедел жәрдем көлігі табысталды (ФОТО)
atr.kz/2 қазан, 2020 жыл. Атырау қаласының мерейтойы қарсаңында облыстағы медициналық жедел-жәрдем станциясына 22 жедел жәрдем көлігі табысталды.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне медициналық көліктің кілтін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов салтанатты жағдайда табыстап, пандемия кезінде қажыр қайратпен қызмет етіп жатқан дәрігерлерге ризашылығын білдірді.

«Бүгін қала күні мерекесі қарсаңында тағы бір қуанышты жаңалықпен бөліскелі отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өңірдің денсаулық саласы 22 медициналық жедел-жәрдем көлігімен толығып отыр. Короновируспен күрес кезінде дәрігерлеріміздің көрсеткен қажыр-қайраты мен еселі еңбегін өте жоғары бағалаймыз. Пандемияның бірінші кезеңінен өте үлкен сабақ алдық. Кемшіліктерімізді толықтырып бүгінгі күні «екінші толқынға» дайындығымызды да пысықтап алдық. Облыста дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтарымыз жеткілікті. Дәрігерлеріміз мол тәжірибе жинақтады. Үкіметтің қолдауымен денсаулық сақтау саласына көмек көрсету жалғасады. Ағымдағы жылдың қараша айында тағы 18 медициналық жедел-жәрдем көлігі жеткізіледі. Әлемдік COVID-19 пандемиясы ұлттың саулығын маңызды ете түсті. Сондықтан, біздің мақсатымыз денсаулық саласын дамыту.
Құрметті медицина қызметкерлері, темір тұлпарларыңыз құтты болсын. Игіліктеріңе жарасын», — деді Махамбет Досмұхамбетов медициналық жедел-жәрдем көлігінің кілтін табыстау салтанатында.

Келесі жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен қосымша 60 санитарлық автокөлікпен жабдықтау жоспарланып отыр. Жаңа автокөліктер науқасқа алғашқы көмек көрсетуге арналған қажетті құралмен толық қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, медициналық жедел-жәрдем көліктері Денсаулық сақтау министрлігінің инвестициялық саясат департаменті, санитарлық көлік жаңартылуы бойынша «Жол картасын» орындау максатында берілуде. «БРК Лизинг» АҚ-ның қаржылық лизинг шарттары бойынша отандық тауар өндіруші «ХюндайТранс Авто» ЖШС-нан «С» санаты бойынша 13, «В» санатымен 9 Хюндай Н350 автокөлігі алынды.