Атырауда 20 тонна гуманитарлық жүк жиналды
Atr.kz/25 маусым, 2019 жыл. Атырау облысында «Арыс, біз біргеміз» акциясы аясында гуманитарлық көмек жиналды.
«Оның ішіне азық-түліктер, жеке гигиена құралдары және бірінші кезекте қажетті заттар кіреді», деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Дина» сауда орталығы директоры Нұрлан Тәуекелдің айтуынша, мұнайлы өңірден алғашқы гуманитарлық жүк бүгін, яғни 25 маусым күні аттанады. Көмекке сауда орталығынан жалға алып отырған 100-ден астам кәсіпкер қатысты.
— Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді қолдауға және тұрғындарға көмек көрсетуге шақырды. Біз «Арыс, біз біргеміз» атты жалпы қазақстандық акцияға қатысуға шешім қабылдадық. Осының арқасында 20 тонна қажетті жүк жиналды. Қазір біз барлық жүктерді тиеп жатырмыз. Жақын арада гуманитарлық көмек жөнелтілетін болады. Бұдан бөлек, БАҚ жариялаған банк шоттарына қаражаттарын аударуда,- дейді «Дина» сауда орталығының директоры Нұрлан Тәуекел.
Еске сала кетейік, 24 маусым күні таңертең Арыс қаласында әскери бөлімнің қоймасында жарылыс орын алған болатын. Қоймалардың бірінде өрт басталып, артынша жарылысқа ұласты. Барлық тұрғындар эвакуацияланып, жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді.
#Бізбіргеміз#
«Atr — Ақпарат»