Атырауда 20 мекеме 809 маманды жұмысқа қабылдауға дайын
Аtr.kz/12 маусым, 2020 жыл. Атырау қаласында 20 компания 800-ден астам маманды жұмысқа қабылдауға ниет білдірді.
Бұл туралы «Жұмыспен қамтудың жол картасы –2020» бағдарламасына қатысты өткен кеңесте белгілі болды. Атырау әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, Жол картасы аясындағы 25 инфрақұрылымдық жоба шеңберінде 2446 жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмыспен қамтылатын әрбір екінші азамат ресми жұмыссыздар қатарынан болады.
«Қазір 20 компаниядан 809 бос жұмыс орнына сұраныс түсті. Соған байланысты орталықта 3 рет вакансиялардың жәрмеңкесі өтті. Нәтижесінде 244 адам еңбекке орналасты. Алайда, кейбір азаматтар берілетін жалақыны місе тұтпай, ыстық тамақты, қызметтік көліктерді талап етіп, ұсынылған жұмыстан бас тартады» деді Атырау қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнәр Құспанова.
Ал, әкімнің пікірінше, жұмыссыздық мәселесін шешуге алдымен, Жұмыспен қамту орталығы мүдделі болуы керек.
«Аталған бағдарламадағы басты мақсат – жұмыссыздарды еңбекке тарту. Сондықтан, алдымен, жұмыссыз қалған азаматтарға қолдау білдірген жөн» деді Қайрат Оразбаев.
Жол картасы бойынша Атырау қаласындағы №55 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын бастаған «КомпанияТехСтрой» ЖШС директоры Ержан Самалихов 18 адамды Жұмыспен қамту орталығынан шақырған. Бұл серіктестікке тағы 15 жұмысшы қажет. Алайда, кейбір мердігерлер бос жүрген азаматтарға шақыру жіберілсе де, жұмысқа келмейтінін алға тартты.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыссыздық мәселесін бірлесе шешуіміз қажет. Өзі жұмысшы сұрап, алдына келген адамды қызметке алмай қоятын компаниялар бар. Ондай компаниямен жұмысты жалғастырудың қажеттілігі бар ма?» деді қала басшысы Қайрат Оразбаев.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда халықты жұмыспен қамту бағдарламасы ойдағыдай іске аспай отырғанын хабарлаған едік.
«ҚазАқпарат»