Атырауда 2 күнде 300-ден астам жылқы малы құтқарылды
Атырау облысында Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 2-3 маусым аралығында тасыған өр суының ортасында қалған жылқы малдарын қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың қоғаммен байланыс тобы.
Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округі Бесікті ауылының тұсындағы тасқын судың жайылмаларының ортасында жылқы малының қалып қойғаны жөнінде құзырлы орындарға шақырту түсті. Аталған орынға құтқарушылар дереу жетіп, 70 бас жылқы малын қауіпсіз жерге шығарды.
Құтқарушылар Атырау қаласы Теңдік ауылында жиналған жайылма судан 200 бас жылқы малын қауіпсіз жерге айдады. Сондай-ақ төтеншеліктер Атырау қаласынан 20 шақырым жерде Астрахан тас жолы бойындағы далалықта жайылған судан 40 бас жылқы малын шығарып, қауіпсіз жерге жеткізді.
Айта кету керек, апаттық-құтқару жұмыстарына жалпы саны 15 құтқарушы, 3 техника, 3 жүзу құралы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ.