Атырауда 17,9 шақырым автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізеледі
Облыс орталығындағы жолдардың қазіргі жай-күйі жұртшылық тарапынан жиі сынға алынып жүр. Өйткені, күн жылына басталысымен қарқын алатын жол төсеу жұмыстары жүргізілгенімен, қыс құрсауынан шыққан кейбір асфальттың жағдайы қайтадан мүшкіл күйге түскен. Ол, әрине, жолдағы қауіпсіздікке де кесірін тигізіп отырған жайы бар. Осыған байланысты, көше бойы мен көпірлерде пайда болған шұңқырлар мен тесіктерді қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстары басталды. Осылайша, шаһардағы жалпы ауданы 20 мың шаршы метр болатын 50-ден астам көшенің жолдары жөнделетін болды.
Жол азабын тартып келе жатқан атыраулықтарға айтар жағымды жаңалық та бар. Шаһардағы бірнеше шұрқ-тесік көшеге биыл жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бәрінен бұрын, көлік жүргізушілерін әбігерге түсірген Сәтбаев көшесіндегі жол жабындыларының беткі қабаттары ретке келтірілмек.
Қолданыстағы жолдардың техникалық жағдайын жақсарту мақсатында Берғалиев, Қошқарбаев, Құнанбаев, Садықов, Құлманов, Молдағұлова, Жұмағалиев, Молдағалиев, Темірханов, Әліпов және Владимирский-Құрманғазы көшелері аралығы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны ауданындағы жалпы ұзындығы 17,9 шақырым автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбетәлиевтың айтуынша, бүгінде жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер компанияны анықтау үшін мемлекеттік сатып алу порталында ашық электрондық конкурс жарияланған. Бұл шараларды аяқтау үшін 4,3 млрд. теңге көлемінде қаражат қажет екен.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ