Атырау жұртшылығы Наурыз мерекесін атап өтті
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін бүкіл Алаш жұртымен бірге Атырау халқы да орталық «Исатай-Махамбет» алаңында зор ұйымшылдықпен атап өтіп жатыр. Іс-шара басында театр актерлері «Наурыз» әні және «Жібек жолы», «Меруерт», «Жұлдыз», «Жайық қызы» би топтарымен бірлескен композицияларын ұсынды.
Салтанатты шарада облыс әкімі Серік Шәпкенов тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елге бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі, экономикалық-әлеуметтік өрлеудің жалғаса түсуі үшін атыраулықтарды бір болып еңбек етуге шақырды.
Алаңға тігілген ақшаңқан киіз үйлердің бәрінде әсем ән әуелеп, ауаға бауырсақтың жұпар иісі тарап көпшіліктің көңілін қуанышқа бөлеп жатты. Наурыз тойының басты кереметі де осы секілді көрінеді.
Бұл жылғы Наурызда шаһардың шағынаудандарындағы 30-ға жуық киіз үй мен орталық алаңдағы 25 киіз үй мерекенің сәнін келтірді.
Мұнайлы аймақтағы мекемелер мен кәсіпорындар арасында ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс қою байқауы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Онда ұлттық ойындар, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама ұсынылды. Іс-шарасоңы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының концерттік бағдарламасына ұласты
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ