ЖАС ҚАЙРАТЫ ЕЛІМНІҢ…

Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, оларды жазғы маусымда еңбекке тарту және тұрақты жұмыспен қамту – бүгінгі таңда өзекті тұрған мәселенің бірі. Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте осы мәселе жан-жақты талқыланды.

 

Аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында Атырау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мейірім Қалауи баяндама жасады. Ол негізінен талқыланып отырған мәселе бойынша жасалған істерге тоқталды.

– «Бүгінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігімен бірге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылыс ісіне жастарды тарту жұмыстары жүруде. Осыған орай бұл салада жұмыс жасауға ниетті 159 жұмыссыз жастың тізімі жасақталды. Бағдарлама шарты бойынша құрылыс салушы мердігер жұмыс күшінің 15 пайызын жастар құрауы тиіс, – деді ол. Сонымен бірге маусым айынан бастап облысымыздағы үш орман шаруашылығында «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы басталып, онда қазірдің өзінде 150 жас еңбек ететінін мәлімдеді.

Кеңес отырысында Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиева мен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиевалар баяндама жасап, жастарды кәсіпкерлікке тарту мен жұмыспен қамту жұмысының нәтижелеріне  тоқталды.

Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы оқу орындарын бітірген жастар жұмыссыз қалмауы үшін ең алдымен қазіргі заманғы сұранысқа сай мамандық таңдау қажеттігін және осы бағытта қандай оқу орындарын саралау керектігін баса айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары атқаратын көгалдандыру мәселесіне де айрықша мән берді. «Терек отырғызбас бұрын ең алдымен оны суару жүйесін үйлестіру керек. Біз тал-терек отырғызамыз да оның тамыр алып, өсіп кетуін бақыламаймыз. Міне, осы олқылықты қала, аудан әкімдері қадағалуы қажет», – деді облыс әкімі. Ол, сонымен қатар, жиынға қатысушылар назарын бизнеспен айналысқысы келетін жастар арасында несие алушылар санын арттыру мен банктер бойынша туындаған мәселелерге аударды. Сондай-ақ, жастарға қатысты кез-келген мәселені аяқсыз қалдырмауды қатаң тапсырды.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз