
”Атырау жастары” бағдарламасымен 150-ге жуық жас баспаналы болды
Атырау облысында жастарды қолжетімді және тиімді шарттармен баспанамен қамту мақсатында 2023 жылдан бастап «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Былтырдан бастап жоба “Атырау қала жастары” және “Атырау аудан жастары” болып екі бағытқа бөлінді. Ал биыл өңірлік бағдарламалар аясында 150-ге жуық жас баспаналы болды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Табыс көзі төмен жас буынның өз шаңырағына ие болуына жағдай жасайтын бағдарламаға жалпы 770-ке жуық өтінім түскен.

“Атырау қала жастары” бағдарламасымен 121 жас, ал “Атырау аудан жастары” бағдарлама аясында Жылыой, Индер, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарынан 20 жас баспаналы болды. Сонымен қатар 11 адамға несие беру мақұлданды. Бағдарлама шеңберінде жастар алғашқы және екінші нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігіне ие. Бұл тұрғын үйді салу емес, бар баспаналарды тиімді шарттармен иелену мүмкіндігін көздейді, — деді Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық сала??? бөлімінің басшысы Гүлфайруз Өмірғали.
«Атырау қала жастары» бағдарламасын іске асыруға жергілікті бюджеттен 1,5 миллион теңге, ал «Отбасы банк» АҚ тарапынан 800 млн теңге бөлініп, қаражат толық игерілді. Ал «Атырау аудан жастары» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 500 млн теңге, банктен 200 млн теңге бағытталып, қазір жұмыс жалғасып жатыр.