Жарнама
Жаңалықтар

Атырау университетінде экологиялық жобалар таныстырылады

Бүгін, 4 желтоқсан сағат 14:00-де Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Жас сана» орталығында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында студенттердің инновациялық экологиялық жобалары мен креативті арт туындыларының көрмесі өтеді. Бұл іс-шара жобаларды БАҚ өкілдеріне таныстыру үшін ұйымдастырылады.

Аталған университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрменің басты мақсаты – экологиялық мәселелерді шешуде жастардың ғылыми ізденістерін, креативті идеяларын насихаттап, қоғамның назарын табиғатты қорғауға аудару. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» бастамасы – қазақстандықтарды табиғатқа қамқор болуға шақыратын маңызды қадам. Ал студенттік жобалар бұл бастамаға қосымша серпін береді.

Іс-шара барысында университеттің «Экос» экологиялық үйірмесінің жобалары таныстырылады. Олардың ішінде биыл стартап ретінде қаржыландырылатын шыны қалдықтарын пайдаланып, эпоксидті шайырдан бұйымдар жасау жобасы да бар. Бұл жоба өңірдің өзекті мәселелерін шешуге студенттердің белсенді қатысып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ күкірт қалдықтарынан күкірт бетонын жасау – Атырау облысының экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған.

Ал темекі қалдықтарын пайдалана отырып, тас төсеніштер өндіру – қоршаған ортаға қауіпті қалдықтарды қайта өңдеудің ерекше тәсілі болса, биопластик жасау – жергілікті шикізатты пайдаланып, экологиялық жүктемені азайтуды мақсат етеді.

Бұл жобалар студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, өңірдің өзекті экологиялық проблемаларын шешуге қосқан үлесі ретінде бағаланып отыр. Сонымен қатар, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Көрмеде ұсынылатын жобалар Қазақстанның экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған нақты қадамдар ретінде қоғам тарапынан қолдауға ие болады деп күтілуде.

Өз тілшіміз

Коллаж: atr.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button